Б. Сағынтаев: Қоғамдық кеңістікті абаттандыру азаматтардың пікірін ескере отырып жүзеге асырылады

20.05.2021

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы Akimat live бағдарламасының тікелей эфирінде тұрғындарды мегаполистің кеңістігін абаттандыру бойынша асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Тереңқұрды реконструкциялау су бөлгіштен бастап Достық даңғылына дейінгі учаскеде, Мақатаев көшесіне дейінгі гидротехникалық құрылғыларды қоса есептегенде жүруде. Ұзындығы - 8,9 км. Қазіргі кезде Кіші Алматы өзенінің жағалауын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, спорттық және ойын алаңдарын орнату жұмыстары жалғасуда. Тереңқұрда экологиялық таза материалдардан жасалған заманауи ойын алаңы жасалады. Сондай-ақ орындықтар, қоқыс салатын жәшіктер, жарықтандыру тіректері орнатылып,көгалдандырылады.

Б. Сағынтаев қала тұрғындарының қазіргі кезде Тереңқұрды абаттандыру нәтижелері туралы асығыс қорытынды жасамаулары тиіс екендіктерін атап өтті. Тұрғындардың барлық тілектері ескеріледі. Тіпті, қалалықтар үшін жайлылығы және ыңғайлылығы жағынан осы жаяу жүргіншілер аймағы мегаполистегі үлгілі аймаққа айналуы керек.

Қала әкімі Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры жанындағы скверлерді абаттандыруға тоқталды. Басты мақсат – алматылықтар үшін ерекше құнды орын болып табылатын осы жердің тарихи келбетін, ахуалын, ерекше рухын сақтап қалу.

Қазір «Неделька» субұрқағын қосу үшін құбырлар тартылуда, гранит тастар төселуде. Фонтанның әйгілі аркаларынан люстралар алынып, ретке келтіріледі, байырғы тарихи келбеті қайтарылады, содан соң орнына қайта қойылады.

Сәндік аркалар мен гранитті баспалдақтар бөлшектенбейді және сүрілмейді. Мәдени мұра нысаны ретінде саябақтың тарихи келбетін қалпына келтіру жоспарлануда. Сондай-ақ қала тұрғындарының тілектерін ескере отырып, саябаққа жылы жарығы бар торшер шамдары, шойын орындықтар мен урналар орнатылады.

Жоба аясында Қабанбай батыр мен Жамбыл көшелері жағынан сквер мен «Неделька» субұрқағына шолу жасау үшін бұталар мен жасыл желектерді қайта отырғызу қарастырылған. Жасыл желектер саябақ ішіндегі басқа жерге отырғызылады. Осы жұмыстарды жүргізетін мердігерлік ұйым жасыл желектерге 2 жыл мерзімге күтім жасау жөнінде кепілдеме хат ұсынды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі