Үлкен Алматы көліне апаратын жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

18.03.2022

 Үлкен Алматы көліне апаратын жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ауқымды дайындық жұмыстары басталды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

 Ұлттық компанияның мәліметінше, республикалық маңызы бар «Алматы–Космостанция» трассасының 8-34 шақырым аралығы учаскесі («Алма-Арасан» шипажайына кіреберіс) күрделі жөндеуден өтеді.

 «Кеше қоғамдық тыңдау өтті. Белсенділер дауыс беріп, Үлкен Алматы көліне апарар жолды күрделі жөндеуге қарсы емес екендіктерін жеткізді.

Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама дайын, экологиялық сараптама сатысында тұр. Сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін конкурс жарияланып, заңнамаға сәйкес мердігер анықталады. Содан кейін учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Айта кету керек, жол екі жолақты болып қала бермек. Сонымен қатар, жобада 1-ге 10 өтемдік ағаш отырғызу қарастырылған»,- делінеді «Қазавтожол»-дың хабарламасында.

 Күрделі жөндеу жұмыстары аясында аумақта бақылау алаңдары, автокөліктерге арналған тұрақтар және тас құламасынан қорғайтын торлар салынбақ.

«Казавтожол» ҰК өкілдерінің айтуынша, жол инфрақұрылымын қайта құру жұмыстары туризмді одан әрі дамытуға оң әсер етеді және қонақтар мен жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасайды. Ал төтенше жағдайлар кезінде арнайы техника жергілікті жерге одан да жылдам жетеді.

 Жобаны 24 айда жүзеге асыру жоспарланып отыр.

 Айта кетейік, Алматы - Космостанция республикалық маңызы бар жол III санатқа жатады, жабыны - асфальт-бетон, ұзындығы 26 шақырым.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz