Әлеуметтік мәні бар ауру: науқастар медициналық көмекті қай жерде ала алады

10.08.2023

Егер науқаста созылмалы аурудың өршуі орын алса тәулік бойы стационарға жатқызылады

N11 қалалық емхана директорының орынбасары Алмаш Ардабаева әлеуметтік мәні бар сырқатпен ауыратындарды бақылау тіркелген жері бойынша ауруханада немесе мамандандырылған орталықта жүргізілетінін айтты.

Мысалы, туберкулезге қарсы орталықта туберкулез, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) тудыратын ауру, онкологиялық орталықта қатерлі ісік, психикалық денсаулық орталығында психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (аурулар) қаралады.

Созылмалы вирусты гепатит пен бауыр циррозын бекітілген емханада немесе гастро- және гепатология орталығында бақылайды.

- Қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы, жіті миокард инфаркты (алғашқы 6 ай), ревматизм, дәнекер тінінің жүйелі зақымдануы, жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары, орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулары, орфандық аурулар, - осы аурулардың барлығына науқас тіркелген емхана бақылау жүргізеді», - дейді Алмаш Ардабаева.

Науқаста әлеуметтік мәні бар ауру анықталған жағдайда амбулаторлық деңгейде тар мамандарға мерзімді жоспарлы бару, диагностикалық тексерулер (аспаптық және зертханалық), сондай-ақ учаскелік дәрігер мен медбикенің қабылдауы және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету емдеу тізіміне енгізіледі.

Егер науқаста созылмалы аурудың өршуі орын алса немесе жоспарлы сауықтыру қажет болса, онда мұндай науқас күндізгі немесе тәулік бойғы стационарға жатқызылады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.