Басты міндеті – ол жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Елімізде келесі жылдан бастап білім берудің жаңа түрі іске қосылады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ғылым және жоғары білім вице-министрі мәлімдеді.
Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, қазір студенттерді онлайн форматта оқытудың тиімділігі артқан. Сол себепті ендігі оқу жылында университеттерде цифрлық оқыту ресурстарын жетілдіру жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, желілер мен жаппай ашық онлайн-курстарды да дамыту қолға алынбақ.
«Қазіргі таңда жоғары білім саласындағы ұлттық саясаттың ең басты міндеті – ол жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және де «білім экономикасына» қажетті жоғары білікті мамандарды даярлау. Осы міндеттерді орындау үшін бүгінде біз стратегиялық басымдықтарды нақты айқындап, бірқатар бағдарламалық құжаттарды бекіттік. Бұл – университеттердің автономиясы туралы заң, «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасы, 2022-2026 жылдарды қамтитын ҚР Білімді дамытудың тұжырымдамасы», - деп атап өтті Қуаныш Ерғалиев.
Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, 2026 жылға дейінгі жоғары білімді дамытудың басты бағыттарына мыналар кіреді:
- жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге қолжетімділікті кеңейту;
- мамандарды даярлаудың алдын-ала болжау моделіне көшу;
- жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің бәсекеге қабілеттілігін көтеру және мазмұнды жаңарту;
- жоғары білімдегі цифровизациялау;
- университеттердегі басқару жүйесін жетілдіру;
- жоғары білімдегі интернационализациялау;
- жоғары білім жүйесінің сапасын қамтамасыз ету.
Дереккөз: Almaty.tv.