Қыркүйек айының басынан бері Алматы қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына тұрғындардың қызығушылығы айтарлықтай артты. 17 қыркүйектегі жағдай бойынша қала тұрғындары 920-дан астам жоба ұсынысын жолдаған.
Алматылықтар көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тротуарлар мен арықтарды жөндеу, балалар және спорт алаңдарын орнату, сондай-ақ санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша түрлі идеялар ұсынуда.
Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін (қоса алғанда) жалғасады. Бұл кезең аяқталғаннан кейін барлық жобалар сараптамалық кеңестер мен аудандық әкімдіктердің қарауына жіберіледі. Ең көп дауыс жинаған бастамалар 2026 жылы іске асырылады.
Жобаны budget.open-almaty.kz онлайн-платформасы арқылы ұсынуға болады. Өтінімде келесі мәліметтер көрсетілуі тиіс:
жобаның атауы мен қысқаша сипаттамасы;
нысанның нақты мекенжайы;
фото немесе эскиз;
алдын ала шығындар сметасы.
Қатысу шарттары:
бір адам – бір өтінім – бір нысан;
нысан көпшілікке қолжетімді болуы және өтінім берушінің ауданында орналасуы қажет;
жобаның ең жоғарғы бюджеті – 294,9 млн теңге.
Барлық сұрақтар бойынша тұрғындар өз ауданының әкімдігіне немесе Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесіне 224 39 29 (ішкі 203) телефоны арқылы хабарласа алады.