Вице-премьер Е. Тоғжанов пен Алматы әкімі Б. Сағынтаев мегаполистің медицина қоғамдастығымен кездесті

09.12.2020

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірлесіп қаланың 70-тен астам аурухана мен емханалары бас дәрігерлерінің қатысуымен бейнебайланыс режимінде ауқымды жиналыс өткізілді.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайдың өзекті мәселелері мен мегаполисте COVID-19 таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.

Коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша Алматы сары аймақта орналасқан. Күздің басы мен ортасында төмендеген аурудың қазір  өршігені байқалады. Атап айтқанда, жұқтырғандар саны 0,2%-ке дейін өсті, таралу коэффициенті тұрақты түрде 1-ден жоғары. Жұқтыру ошақтарының көбі Бостандық, Алмалы, Әуезов және Медеу аудандары аумағында орналасқан.

Өршу себептері мен жұқтыру көздері – қоғамдық орындарға бару, үй, қалалық көлік, жұмыс орны бойынша байланыс, сондай-ақ шет елдерден әкелу. Бұл ретте ПТР тестілеу құнының төмендеуіне байланысты қалалықтардың өзін еркі бойынша жүргізілген зерттеулер саны артты, бұл да статистикалық деректерде көрініс табады (пандемия басталғаннан бері Алматыда 668 мың зерттеу жүргізілді, оның 294,5 мыңы қала тұрғындарының өз еркі бойынша).

Халық арасында жұқтыруды азайту мақсатында қала әкімшілігі шектеу режимінің сақталуын бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдады. Үстіміздегі жылдың қазан айынан бастап 32 мониторингілік топ 518 іс-шара өткізді, оның шеңберінде 4264 нысан қамтылды. 956 нысанда (23%) талаптарды бұзу фактілері анықталды. Шектеу шараларын сақтамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 789 хаттама толтырылды, оның ішінде 592 – бетперде режимін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға қатысты. 13 материал сотқа берілді.

Алматыда пандемияның жаңа толқынына 7011 төсек орын, оның ішінде 250 реанимациялық орынға есептелген 23 ковидті клиника дайындалды. 3 жаңа инфекциялық стационар салынып, екі клиника реконструкцияланды. Клиникалардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.  

Медициналық қоғамдастық өкілдерімен кеңес барысында КВИ бар пациенттерге көмек көрсетуге қатысқан медициналық ұйымдарды, қалалық онкологиялық орталықты қаржыландыру, сондай-ақ жедел жәрдем машиналарын жеткізу саласындағы мәселелер қаралды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қалада сырқаттанудың өсуіне, сондай-ақ COVID-19 ПТР диагностикасы мәселесі бойынша зертханалар жұмысын үйлестірудің маңыздылығына назар аударды.

«Бүгін қойылған міндеттерді бүгін Қаланың бас санитариялық дәрігерімен бірге талдап, қажетті шаралар қабылдауды сұраймын», — деп атап өтті Е. Тоғжанов.

Жиын қорытындысы бойынша Алматы қаласының әкімдігіне нақты тапсырмалар берілді:

  • қызметкерлер саны 15 және одан көп ұйым қызметкерлерінің 60-80%-ін қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру;
  • мектепке дейінгі балалар мекемелерінде қосымша кезекші топтар, қала мектептерінде кезекші сыныптар ашуды тоқтата тұру;
  • жексенбі күндері санитарлық күнге жабыла отырып, СОО, сауда объектілерінің жұмысын сенбі күні сағат 17.00-ге дейін шектеу;
  • сағат 19.00-ден 23.00-ге дейін, ұжымдық іс-шаралар өткізбей, бас санитариялық дәрігер қаулысының талаптарын сақтай отырып, отыратын орындар санын 50-ден асырмай қоғамдық тамақтану нысандарының, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқандарының қызметіне рұқсат беру;
  • өнеркәсіптік, құрылыс, көлік кәсіпорындарының қызметкерлерін жұмысқа жеткізу және тасымалдау үшін ұйымдарға қызметтік көлік бөлуді ұсыну;
  • бас санитар дәрігер қаулысының талаптарын сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі күндері сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс кестесін белгілей отырып ХҚКО жұмысын ұйымдастыру;
  • тестілік режимде жұмыс істеу кезінде белгіленген шектеу шараларын сақтай отырып, туризм нысандарының жұмысын жалғастыру.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі