18.03.2022

Премьер-министрдің орынбасары мегаполистегі мәдени, спорттық нысандар мен медициналық орталықтарға барды.

Қаңтар оқиғасында өртеніп, көп бөлігі бүлінген «Қазақстан» телерадиокешенінің Алматыдағы ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары мемлекет қаражатынан жүргізіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары мәлімдеді. Мегаполиске жұмыс сапарымен келген Ералы Тоғжанов спорттық нысандар мен медициналық орталықтарға да барып, ондағы жағдаймен танысты.

Премьер-министрдің орынбасары Алматыдағы жұмыс сапарын «Сұңқар» трамплинінде орналасқан спорт кешенінен бастады. Айта кетсек, бұл нысан осыдан 2 ай бұрын ғана ашылған. Мыңнан астам орынға есептелген. Кешен спортшылардың шынығуына да ыңғайлы етіп салынып, тіпті халықаралық жарыстар өткізуге арналған екен.

«Біз мұнда күрес, еркін күрес, көркем гимнастика үйірмелерін аштық. Одан бөлек, арнайы зал мен қонақ бөлмелері бар. Спортшылар нысаннан алыстамай-ақ, осында тұрып, жаттығып, жарыстарға қатысады», - деді инвестор Ерлан Қожасбай.

Премьер-министрдің орынбасары сондай-ақ, қалалық №7 емханадағы жағдаймен танысты. Терапия және оңалту кабинеттерін аралап, дәрігерлермен емдеу мекемесінің өзекті мәселелерін талқылады. Медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін өз бастамаларын ұсынуға шақырды.

Ералы Тоғжанов дүрбелеңде зардап шеккен «Qazaqstan» ұлттық арнасының ғимаратына да барып, жөндеу жұмысының жобасымен танысты. Өрттің салдарынан телеарнадағы қымбат құрал-жабдықтар да, студиялық кешендер де жарамсыз болып қалған. Премьер-министрдің орынбасары Ұлттық арна қызметкерлерімен кездесіп, көкейде жүрген мәселелерді де сол жерде талқыланды.

«Мына ғимаратты қайтадан қарастыру керек. Осыған байланысты арнайы отырыс өткіземіз. Жаңа айтқан деректердің бәрін тағы бір рет қарастыру керек. Қорытындысы бар, басқасы бар, соның бәрін таразылап қарау керек. Жауапты бір жұманың ішінде аласыздар», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Премьер-министрдің орынбасары сондай-ақ, Алматы политехникалық колледжінде ашылған IT орталығына да барды. Болашақ мамандардың жетістігімен танысып, оқу орны басшылығына студенттердің қосымша табыс табуы үшін мүмкіндіктерді пайдалануды тапсырды. Ералы Тоғжанов сондай-ақ Alatau Creative Hub-қа да бас сұғып, инновациялық орталықтың жұмысымен танысты. Айта кетсек, мұнда жеке IT зертхана мен кітапхана, мультимедиялық мұражай және алматылықтарға арналған түрлі тегін үйірмелер бар.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.