19.08.2020

Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Алматыға жұмыс сапарымен келді. Ол қаладағы шектеу шараларын кезең-кезеңмен алып тастау жоспарымен және індеттің екінші толқынына қарсы жасалып жатқан жұмыстармен танысты.

Вице-министр аралаған алғашқы нысандардың бірі Орталық референттік зертхана болды. Бұл жерде ол микроағзалардың республикалық коллекциясымен және III деңгейлі биологиялық қауіпсіздік зертхана жұмысымен танысты. Сондай-ақ, COVID-19 вирусын анықтауға арналған қазақстандық ПТР тест жасаудың материалдары таныстырылды және халықаралық тренингтік орталықтың қызметі баяндалды.

Кездесу барысында Марат Шоранов індетке қарсы күрестің әлеуетін талқылады. Атап айтқанда, ғылыми зерттеулерді ілгерілетуді, нано-екпені дайындауды және індетке қарсы өзіндік өнім өндіру барысында импорт алмастыруды дамыту мәселесі пысықталды.

Бұдан әрі Марат Шоранов №29 қалалық емхананы аралап, дәрігерлермен сөйлесті. Сонымен қатар, науқастармен қашықтан байланыс орнату арқылы тілдесті. Аталған емхана 32 учаске бойынша жалпы саны 50 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеді.

Емхананың бас дәрігері Ақмейір Садықованың айтуынша, соңғы кездері науқастар арасында қашықтан қызмет алу үрдісі дамыған. Мысалы, коронавирустық инфекция мен ішкі ауруға шалдыққа науқастар үшін арнайы құрылған мониторинг орталығы кеңес береді.

Пандемия басталғалы науқастардың медициналық қызметке толықтай қолжетімділігін арттыруға басымдық берілді. Осы мақсатта 11 648 қашықтан қызмет көрсетілді. Медициналық ұйымдардың жанынан құрылған 10 мобильді бригада күн сайын кемінде 130 мәрте адамдардың үйіне барып қызмет көрсетті.

Ведомства басшысының орынбасары әкімдік өкілдерімен, бақылау тобымен және қаланың бас санитарлық дәрігерімен «Сары арқа» базарын аралап, карантиндік талаптардың сақталуын тексерді.

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат