28.04.2022

2025 жылға дейін 2 миллионнан астам жұмыс орны ашылады.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандықтарға «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын таныстырды.

Вице-премьер бұл халықтық бағдарлама екенін атап өтті.

«Біріншіден, бағдарлама 1 миллионнан аса бюджет саласы қызметкерінің, сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың өндірістік персоналының жалақысын арттыруға бағытталған. Оның ішінде 850 мың бюджет, 200 мың өндірістік саладағы азаматтар бар», – деді Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, келесі аптада «Самұрық-Қазына» қорында квазимемлекеттік секторға қатысты жиын өтеді. Кездесу барысында жалақыны көтеру мәселелері талқыланады.

«Сондай-ақ 2,8 миллион қызметкердің жалақысын бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа тікелей қатысы бар жобалар арқылы көбейтеміз. Әсіресе, мемлекеттің тікелей қолдауын алатын бизнес саласына 2,8 миллион азаматтың жалақысын көтеруге қарсы талап қойылады», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Тоғжанов бағдарлама аясында экономиканың түрлі саласында 2025 жылға дейін 2 миллионнан астам жұмыс орны ашылатынын айтты. Атап айтқанда, өндіріс саласында – 950 мың, инфрақұрылым саласында – 583 мың, ауыл шаруашылығында – 458 мың, туристік салада 59 мың жұмыс орны құрылады. Мұның бәрі табысқа тікелей әсер ететін жобалар.

Премьер-министрдің орынбасары атап өткендей, бағдарлама аясында Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік те дамитын болады. Сөзінше, мүгедектігі бар 400 мың еңбекке қабілетті қазақстандықтың тек 20 мыңы ғана жұмыс істейді. Бұдан бөлек ірі кәсіпорындардың төңірегінде шағын зауыттар салынатыны, азық-түлік импортына тәуелділікті жою үшін 900 инвестициялық жоба жүзеге асырылатыны айтылды.

«Импортталатын азық-түлік тауарларын 100 пайыз отандық өніммен алмастыруды негізгі мақсат тұтып отырмыз. Бүгінде 80 пайыз азық-түлікпен өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтқанда, 20 пайызын сырттан әкелуге мәжбүрміз. Болашақта, 2025 жылға дейін тауардың 6 түрін толықтай жабуға мүмкіндігіміз болады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

 

 

 

Дереккөз: Zakon.kz