Жергілікті бюджеттен 800 млн теңге қарастырылған.
Биыл Алматы қаласының мұқтаж отбасыларынан шыққан 19 мың оқушыға әкімдік мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алуға көмек көрсетеді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 800 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді.
Биыл акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады және »Мектепке жол - Шекарасыз Жақсылық» ұранымен өтеді. Ол аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алуға бағытталған.
«Қазірдің өзінде мектептерде оқушыларға оқу жылына дайындыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көмекке мұқтаж балалардың деректер базасы құрылды. Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін жедел желілер, сенім телефондарының жұмысы ұйымдастырылды«, - деп хабарлады басқарма басшысы.
Сонымен қатар, қайырымдылық көмек көрсетуге демеушілерді, меценаттарды, мемлекеттік құрылымдарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Балаларға мектепке дайындалуға көмек көрсетуге тілек білдірушілер тұрғылықты жері бойынша аудандық білім бөлімдеріне немесе тікелей білім беру ұйымына жүгіне алады.
Жедел желі байланыстары хабарландыруда Алматы қаласы білім басқармасының сайтында көрсетілген.
- Алатау ауданы бойынша: 87006131198.
- Алмалы ауданы бойынша: 87470448553.
- Әуезов ауданы бойынша: 87025395397.
- Бостандық ауданы бойынша: 87772806650.
- Жетісу ауданы бойынша: 87472940554.
- Медеу ауданы бойынша: 87759194000.
- Наурызбай ауданы бойынша: 87089359498.
- Түрксіб ауданы бойынша: 87479013814.
Сөз соңында Л.Жылқыбаева журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, қазіргі уақытта 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік мектептердің 1-4 сыныптарының барлық оқушыларын тегін тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша дайындық жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар, мемлекеттік мектептердің оқушылары қайтарымды негізде 100% тегін оқулықтармен қамтамасыз етілетінін, ал 2-сынып оқушылары жаңа оқулықтар алатынын нақтылады.
Дереккөз: Almaty.tv.