Түрксіб ауданында мемлекеттік мектеп кеңейтілуде және екі жаңа жеке меншік мектептің құрылысы аяқталып қалды

10.08.2021

Алматының Түрксіб ауданында мектептердегі оқушылар орындарының тапшылығы 1600-ден асады. Осыған байланысты биыл ауданда үш мектеп кеңейтіліп, ескі ғимараттың орнына тағы бір мектеп салынады. Бұл туралы Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Б. Ақжаров Түрксіб ауданындағы 29 мектептің екеуі жекеменшіктікі екенін айтты. 32 442 оқушы бар, ал оқушы орындарының тапшылығы 1690-ды құрайды.

Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдар №170 мектептің жанынан 300 балаға арналған жаңа корпусты салуға шешім қабылдады. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 90%-ды құрайды, құрылыс оқу жылының басына дейін аяқталады.

Сондай-ақ Сейфуллин даңғылында 590 орынды жеке мектептің құрылысы аяқталуға жақын, нысан 93%-ға дайын. 2021 жылдың желтоқсанына дейін Қайрат шағын ауданында 1500 орынды мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Түрксіб ауданының әкімі Сауранбаев көшесінде бұрыннан бар ғимаратты бұзып, оның орнына №59 мектеп-гимназияның жаңа ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттардың әзірленіп жатқанын айтты.

Б. Ақжаровтың айтуынша, ауданда мектепке дейінгі мекемелер мәселесі де шешілуде. Ауданда жұмыс істеп тұрған 93 балабақша жеткіліксіз, сондықтан «Жас қанат» шағын ауданында 280 орындық балабақшаның құрылысы басталды. Ғимарат жыл соңына дейін салынып бітеді.

«Биыл Қайрат шағын ауданында 260 орынды мемлекеттік балабақшаның құрылысы, сондай-ақ Стахановская көшесіндегі №70 санаторлық бөбекжайды күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту  жоспарлануда», — деді Түрксіб ауданының әкімі.

Айта кетсек, 100 орынды №86 балабақшаны және Алматы қалалық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын сейсмикалық нығайту бойынша жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар 103 орынды үш жекеменшік балабақша бар.

Б. Ақжаров ауданның денсаулық сақтау инфрақұрылымы туралы айтты. Оның айтуынша, ауданда жеті қалалық емхана мен алты аурухана бар. Қосылған халықтың саны 247 мың адамды құрайды. Медициналық техникамен жабдықталу – 86%.

«Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін биыл Нұршашқан шағын ауданында ауысымына 100 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Қайрат шағын ауданында ауысымына 500 келушіге арналған емхананың құрылысын бастау жоспарлануда», — деді Б. Ақжаров.

Сонымен қатар Айбасов көшесі бойында ауысымына 200 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі