SkyTrain, LRT, Алматы тау кластері және полиорталықтар. Алматының алдағы 5-10 жылда келбетін өзгертетін негізгі стратегиялық жобалар бүгін Сенат жанындағы TALDAU мектебінің қатысушыларына таныстырылды.

28.05.2026

Дәрісті Алматы қаласын дамыту орталығының Басқарма төрағасы Руслан Берденов өткізді. Кездесу барысында ол Орталықтың жұмысы, қала жобаларын әзірлеу тәсілі және стратегиялық бастамалардың әлеуметтік-экономикалық әсері туралы айтты.

Алматы қаласын дамыту орталығы жергілікті әкімдік жанындағы Think Tank ұйым ретінде жұмыс істейді. Яғни қала дамуының ұзақ мерзімді бағыттарын айқындап, дерек пен талдауға негізделген ұсыныстар әзірлейді. Көлік ағыны, халық санының өсімі, инженерлік инфрақұрылымның жүктемесі, туризм әлеуеті мен аумақтардың даму мүмкіндігі бір жүйеде қарастырылады.

Талдау жұмыстарына Ситуациялық орталық, сараптамалық бөлім және жобалық командалар қатысады. Соның негізінде қаланың нақты қажеттілігіне сай стратегиялық жобалар қалыптасады.

Мысалы, SkyTrain мен LRT қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігін арттырып, жол жүктемесін азайтуға бағытталған. Полиорталықтар іскерлік белсенділікті бірнеше ауданға бөліп, жаңа қоғамдық кеңістіктердің дамуына жол ашады. Алматы тау кластері туризм индустриясын күшейтіп, сервис экономикасы мен жаңа жұмыс орындарының қалыптасуына ықпал етеді.

Руслан Берденовтің айтуынша, стратегиялық жобалардың басты мақсаты – қаланың ұзақ мерзімді тұрақты дамуына негіз қалыптастыру және тұрғындардың өмір сапасын арттыру.

ТӨРАҒА БЛОГЫ