01.09.2021

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында мектептердегі эпидемиологиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізілетінін хабарлады.

Б. Сағынтаев қаладағы 287 мектепке 300 мыңға жуық баланың барғанын еске салды.

«Қауіпті індеттің екінші жылға созылуына қарамастан оқу жылын офлайн форматта бастаймыз. 45 мыңнан аса мұғалім мен техникалық қызметкер вакциналаудан өтті. Мектептер барлық карантиндік шектеу талаптары ескеріле отырып дайындалды. Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларының сақталуы мен сыныптағы жағдай тұрақты бақылауда болады», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Б. Сағынтаев оқушыларға оқуда сәттілік, мұғалімдер мен ата-аналарға шыдамдылық пен табандылық тіледі.

«30 мың бірінші сынып оқушылары алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылы барлығыңыз үшін сәтті және қуанышты болсын!», — деп жазды мегаполис әкімі.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі