12.01.2023

ҰБТ-да математика-информатика комбинациясы енгізілген.

Қаңтар айындағы ҰБТ-ны 125 мыңға жуық адам тапсырады. Бұл қатарда мектеп оқушыларынан бөлек, былтыр төмен балл жинап қалған түлектер де бар.

Таңмен таласып тест тапсыруға келгендер бұл жолы ақылы негізде оқу үшін бақ сынайды. Яғни, былтырғы ереже сақталады: талапкер 3 сынақтың қайсысынан жоғары балл жинаса, конкурс үшін сол нәтижені ұсынады. Ал биылғы өзгерістің ең үлкені - оқу гранты үшін бір түлекке тестті екі рет тапсыру мүмкіндігінің берілуі. Демек, жалпы алғанда жыл бойында оқушы ҰБТ-да 5 рет бақ сынамақ.

«Биылғы жылдың өзгешелігі – мына дистрактілік сұрақтар бар. Яғни, атап өтетін болсақ, бір немесе бірнеше жауаптар бар ғой. Соның ішінде жаңағы бір жауап бес жауаптан төрт жауапқа, бірнеше жауабы бар сұрақтар сегізден алтыға дейін қысқарды. Яғни, бала осы бойынша дайындалады», – деді  Ұлттық тестілеу орталығының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Жандос Құмғанбаев.

Талапкердің дайындығын жеңілдету мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы сынақта кездесетін «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» бойынша 100 датаны, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдебиеттер тізімін, сондай-ақ «Информатикадан» терминдер ретін жариялады. Одан бөлек, сұрақтар мен тест жоспары құрастырылған оқулықтардың да тізімі бар.

«ҰБТ тапсырар алдында өте қатты қобалжыдым. Сұрақтар қиынырақ болады деп ойлағанмын. Бірақ менің ойлағанымнан жеңіл болды», – деді 11 сынып оқушысы Нұрсұлтан Құлжанов.

«Өткен жылы балл жинай алмай, осы жылы қайтадан тапсырып жатырмын. Негізі қарап тұрсақ, онша қиын емес. Егер де сәл дайындалсақ. Мен өзім дүниежүзі мен құқықтан тапсырдым, юриспрунденция. Сұрақтар негізі тура сол өткен жылдағыдай», – деді талапкер Абылай Алпысбай.

«Оңай сұрақтар келді. Былай, қатты уайымдаған жоқпын. Өзім ойлаған баллды жинап шықтым. Ешқандай куратормен дайындалған жоқпын. Тек кітап оқу арқылы, ешқандай курсқа қатыспадым», – деді 11 сынып оқушысы Ақбаян Нұрғали.

Тест тапсыруға 4 сағат уақыт беріледі. Академиялық адалдықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін аудиторияда тікелей эфир жүргізіледі, ал оны бақылайтын арнайы комиссия бар.

«ҰБТ – оқушы үшін өзінің жоғары оқу орнына түсуге белгілі бір емтихан ретінде қабылдау керек. Ата-аналар болсын, оқушылар болсын, ҰБТ-ны бір ұлы төңкеріс ретінде қарамай, оқушылар өз білімін шыңдап ЖОО-ға түсетін емтихан болғандықтан, қатты қорықпай, дайындалу керек. Оқыған, дайындалған оқушыға мүмкіндік бар», – деді Ұлттық тестілеу орталығының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Жандос Құмғанбаев.

Биылғы ҰБТ-да математика-информатика комбинациясы енгізілген. Анығырақ айтсақ, ақпараттық технологиялар мен информатика мұғалімі мамандығын таңдаған талапкерлер үшін тест тапсыру пәні өзгерді. Қоса кетейік, 2023 жылдың бірінші тестілеуі әлі бір ай жалғасады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.