ПИК-тен МИБ-ке көшу, үйлерді жөндеу және лифтілерді ауыстыру — Алматы әкімдігінде ТКШ жаңғырту туралы айтылды

11.11.2020

Алматыда ПИК-тен мүлік иелерінің бірлестігіне немесе көппәтерлі үйдің қарапайым серіктестігіне көшу бойынша жұмыс жүргізілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев аталған тетіктің қалай енгізіліп жатқаны туралы айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына түзетулер күшіне енді. Қолданыстағы заңнамаға түзетулер 2020 жылғы 7 қаңтарда күшіне енді, ал қосалқы актілер осы  жылдың наурыз-сәуір айларында бекітілді.

Алматы қаласында 870-ке жуық басқару органы (ПИК, ТПИК, ПК, ЖШС, ЖК және т. б.) қызмет көрсететін 8,6 мың көппәтерлі тұрғын үй орналасқанын ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды іске асыру бойынша жол картасы қабылданды, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жай иелерінің жиналыстарын өткізу кестесі бекітілді.

Алайда, Қазақстан Республикасының аумағында ТЖ енгізілуіне, сондай-ақ қала аумағында көпшілік жиналатын шаралардың өткізілуіне тыйым салатын шектеулердің енгізілуіне байланысты жиналыс өткізу уақытша тоқтатылды.

«Карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілгеннен кейін қала аудандарының әкімдері пәтер, тұрғын емес үй-жай иелерінің жиналыстарын өткізу кестесін өзектендірді», — деді М. Отыншиев.

Бүгінгі күні мобильді топтар 4,2 мың КПТҮ қамтып, 1,5 мыңға жуық жиналыс өткізді, 90 МИБ тіркелді және басқарудың жаңа формасы ретінде 168 қарапайым серіктестік таңдалды.

Басқарма тұрғын үй қорын жаңғыртуға қатысты тұрғын үй-коммуналдық дамудың «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде 2011-2020 жылдар аралығында 1305 үй жөнделгенін хабарлайды.

138 үйде 300 лифті ауыстырылды. Сонымен қатар 62 үйді күрделі жөндеу бойынша шарттар жасалды, оның ішінде 20 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 42 үйді жөндеу аяқталды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі