Өтінішке жауапты қалай жедел алуға болады — Open Almaty-да сұранысты ресімдеу бойынша ұсынымдар айтылды

11.12.2020

Қала әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауында алматылықтарға өтініш беру ережесі түсіндірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында «Алматы қаласын дамыту орталығы» Қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры Әлия Жақсалықова айтты.

Қоғамдық қабылдау арқылы қала тұрғындары консультация алып, әкімдіктің, қалалық басқармалардың және басқа да аумақтық мемлекеттік органдардың атына өтініш қалдыра алады.

«Егер асфальтты жөндеу, шұңқырларды жабу, жол жабыны сияқты абаттандыруға қатысты мәселелер болса, онда мұндай өтініштер электрондық цифрлық қолтаңбасыз қабылданып, мемлекеттік органдар белгіленген мерзімде қарайды. Тексеруді талап ететін өтініштерді, мысалы  заңсыз салынған құрылыстар, лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар, яғни құзырет бойынша басқа мемлекеттік органдарға жататын өтініштерді ЭЦҚ-мен беру қажет», — деп атап өтті Ә. Жақсалықова.

Бұл ретте байланыс орталығы, фронт-офис және open-almaty.kz ақпараттық порталы арқылы түскен өтініштерді қарау мерзімі 15 күнтізбелік күнді құрайды. Өтініш бойынша оқиға орнына барып тексеру жүргізу қажет болған жағдайда қарау мерзімі 30 күнтізбелік күнді құрайды, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап 3 күнтізбелік күн ішінде өтініш берушіге хабарланады. Әлеуметтік желілерден түскен өтініштер 3-5 жұмыс күні ішінде қаралады.

Түскен барлық өтініштер жедел түрде тиісті басқармалар мен мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Тұрғындар өтініштерін open-almaty.kz интернет-порталы арқылы немесе 1308 нөмірі бойынша бере алады. Сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігі қоғамдық қабылдауының Instagram, Facebook, Twitter әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары арқылы да өтініш қалдыруға болады. 

Жалпы, жыл басынан бері Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауына тұрғындардан 395,5 мың өтініш келіп түсті, олардың 87%-і бірден шешілді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі