14.12.2020

Алматы тұрғындарының өтініштерін қабылдап, билік пен бұқара арасындағы диалог алаңына айналған Open Almaty жобасына бір жылда 395 мың өтініш келіп түскен. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі жіті бақылауға алған бағдарламаға тұрғындар талап арыздарын да жолдай алады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашылған алаң 2017 жылы құрылған еді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік мәселелерден құлағдар болуы үшін Open Almaty жобасын басты назарға алды.  Мәселен Open Almaty-ның қабылдауына бір жылдың ішінде келіп түскен 395 мың өтініштің 87 пайызы шешімін тауып, бағдарламаға сұраныс 206 пайызға артқан. Ал мамандар болса, бұл көрсеткішті пандемиямен байланыстырады.

Әлия Жақсалықова, Алматы қаласын дамыту орталығы Қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры:

– Жолды жасау керек, ауланы күрделі жөндеуден өткізу қажет немесе абаттандыру жұмыстарына байланысты өтінімдерді ЭЦҚ кілтсіз-ақ сайт арқылы қабылдай береміз. Бұл тектес өтініштерді белгілі уақытта пысықтап, жауап беріп отырамыз.

Қала тұрғындарының талап арыздары фронт-офис және Оpen-almaty.kz ақпараттық порталы қабылдайды. Әкімшілік жазаға тарту, немесе полицияның тексеру жұмыстарына қатысты өтініштерді ЭЦҚ кілтін енгізу арқылы яки кеңсеге келіп тікелей өткізуге болады. Ары қарай өтініштің форматына қарай өңделіп, құзырлы мекемелерге жолданатын болады.

Әлия Жақсалықова, Алматы қаласын дамыту орталығы Қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры:

– Өтініштерді қарау мерзімі 15 күнтізбелік күн, егер мемлекеттік орган өкілдерінің оқиға орнына барып, тексеру жүргізуі қажет болса, онда 30 күнтізбелік күн. Әлеуметтік желілердегі өтініштер 3-5 жұмыс күні ішінде қаралады.

Ал мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, қоғаммен байланыс орнатудың сапасын бақылайтын I-Azamat жобасы дәл осы Open Almaty әлеуметтік алаңымен септесіп жұмыс атқарады. Азаматтық ақпараттандыру мектептерінің іргесін қалап, халық пен биліктің арасында көпір болатын бұл қос жоба қазір жаңа белестерді бағындырып келеді.

Ақпарат көзі: 31.kz