Биыл жыл басынан бері Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауына тұрғындардан 395 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 87 пайызы оңтайлы шешімін тапқан. Тұрғындардан көбіне азық-түлік, дәрі-дәрмек түріндегі көмек алу, қалаға келіп-кету, білім беру, жәрдемақы алу, қалада жүріп-тұру мәселелері бойынша өтініштер түскен. Осылайша көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 206 пайызға артты. Ал оған елде карантин режимінің енгізілуі басты себеп дейді мамандар.
2017 жылы қалалық әкімдіктің бастамасымен «Алматы қаласын дамыту орталығы» жанынан «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы ашылды. Содан бері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында көпшіліктің өтініші кедергісіз қаралуда. 3 жыл ішінде «Open Almaty» жергілікті билік өкілдері мен қала тұрғындарының арасындағы басты диалог алаңдарының біріне айналды.
Әлия Жақсалықова, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры:
- «Open Almaty» 16 наурыздан бастап қала тұрғындарына коронавирусқа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат беретін орталық ретінде жұмыс істеп келеді. Дегенмен, қала тыныс-тіршілігінің өзге бағыттары: абаттандыру, қоқыс жинау, жол жөндеу, балабақшаға жолдама алу және қала әкімдігінің құзыретіне жататын өзге де өтініштерді қабылдау және тіркеу ісі тоқтатылмады.
Фронт-офис, телефон, портал, мобильді қосымша және әлеуметтік желілер арқылы түскен өтініштердің барлығын операторлар бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркейді. Сәйкестендіру нөмірі берілгеннен кейін, барлық өтініш қала әкімдігіне қарасты ұйымдарға орындауға жіберіледі. Жауаптардың сапасы мен мерзімін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев апта сайын аппараттық кеңесте тексереді.
Әлия Жақсалықова, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры:
- Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңға сәйкес, байланыс орталығы, фронт-офис және open-almaty.kz ақпараттық порталы арқылы түскен өтініштер 15 жұмыс күні ішінде, әлеуметтік желілердегі өтініштер 3-5 жұмыс күні ішінде қаралады. Егер мамандардың оқиға орнына барып, тексеру жүргізуі қажет болса, 30 күн жұмсалады.
Авторы, электронды цифрлық қолтаңбасы, арыз берушінің пошталық мекенжайы белгіленбеген өтініштер заңнамаға сәйкес қаралмайды. Бұл – құқық қорғау органдарына және қадағалау органдарына жолданған сұрауларға қатысты. Мұндай жағдайда операторлар тұрғынға порталда электронды цифрлық қолтаңба арқылы өтініш беруді немесе фронт-офиске келуді ұсынады.
Ақпарат көзі: Qazaqstan.tv