10.08.2022

89 көшеде жаңа жол салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімі Санжар Тоғай Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде жол құрылысы және жөндеу туралы толық айтып берді.

Аудан әкімінің хабарлауынша, бүгінде Ақжар шағын ауданында ұзындығы 45км 89 көшеде жаңа жол салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ағымдағы жылға жоспарланған 12 шақырымның 11 көшесінде (3 км) жұмыстар аяқталды, 8 көшеде жұмыстар жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, Тастыбұлақ шағын ауданының Таутаған көшесінде төселген желілерден кейін тротуарды жайластыра отырып, асфальт жабыны қалпына келтірілді.

«Жалпы ұзындығы 7,7 км төрт көшенің жолдарына орташа жөндеу жүргізілді, оның ішінде Әшімов көшесіне арық желілерін қайта құру, Райымбек даңғылына тротуар мен жеке автобус жолағын салу арқылы күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр», - деді Санжар Тоғай.

Екінші кезеңде Шұғыла, Қарғалы, Құрамыс шағын аудандарында жалпы ұзындығы 13,6 км орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

Айта кетсек, бүгінде Наурызбай ауданында жол жабыны 295 шақырымды құрайды, асфальтталған жолдардың үлесі 85%.

Санжар Тоғай Абай даңғылын ауданның әкімшілік орталығынан қала шекарасына дейін ұзындығы 600 метр етіп ұзарту туралы да айтып берді. 73 жер учаскесі сатып алуға жатады, 41 учаске сатып алынды, қалғандары 2023 жылдың соңына дейін құрылыс кезеңінде алынады.

Төле би көшесін жоспарлы ұзарту кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңде Алматы қаласының әкімдігі инженерлік коммуникацияларды қайта орнату және «Алма Сити» ТК ауданында жол төсемін орнату жұмыстарын жүргізетін болады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.