Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов айтып берді.
«Пандемия жағдайында Мемлекет басшысының Агенттік алдында қойған басым міндеті ШОБ субъектілерін қаржыландыруды қолдау және олардың кредиттік ресурстарға қол жеткізуін төмендетуге жол бермеу болып табылады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігі банктердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды», — деді Н. Әбдірахманов.
Төтенше жағдай кезеңінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ШОБ субъектілерінің қарыздары мен микрокредиттер бойынша төлемдері кейінге қалдырылды. 15 наурыз – 15 маусым аралығында 12,5 мыңға жуық ШОБ субъектілерінің немесе қарыз алушы ШОБ субъектілері жалпы санының 42%-нің несие төлемдері кейінге қалдырылды. Кредиттер бойынша кейінге қалдырылған төлемдердің сомасы 165 млрд тг құрады.
Агенттікте атап өткендей, қазіргі уақытта ШОБ кәсіпкерлері несие төлемдерін кейінге қалдырудың жеңілдетілген тәртібін пайдалана алады немесе өз кредиттерін қайта құрылымдай алады.
16 маусым — 21 қыркүйек аралығында 67 млрд тг астам сомаға 10 мыңнан астам қарызды кейінге қалдыру мақұлданды, 2 мың өтініш бойынша 83 млрд тг сомаға кредиттер қайта қаржыландырылды.
1 шілдедегі жағдай бойынша екінші деңгейлі банктерде шамамен 30 мың ШОБ субъектісінің 3,9 трлн тг сомадағы кредиттері бар. Оның ішінде 11 мың ШОБ субъектісі кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының жеңілдетілген талаптарымен несие алды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі