Алмалы ауданының тұрғыны қала әкімі Ерболат Досаевтан мектеп асханасына тексеру жүргізуін сұрады.
Алмалы ауданы тұрғындары атынан келген Әсет Оңалбаев қала әкімінен мектеп асханаларын тексеру керектігін айтты.
«Қазір Алматыдағы бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылды. Ол үшін үлкен рахмет айтамыз. Алайда, қазір мектеп асханасы бір оқушыға берілетін 60-80 гр етті 8-10 граммға дейін қысқартып тастады. Жарияланған мораторий бар түсінем. Десекте, тексеру жүргізу керек. Өзіңіз, білім және кәсіпкерлік басқармасы осы мәселені қарастырсаңыздар», - деді қала тұрғыны.
Ерболат Досаевтың айтуынша, тексеру жүргізу бойынша қиыншылықтар бар. Қазір мектеп асханасын ата-аналар комитеті қарап жатыр.
«Жаңа жылдан бастап бюджеттен шамамен 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Мектеп асханаларының сапасын көтереміз», - деп жауап берді қала басшысы.
Бұған дейін Алматы кәсіпкерлері оқушыларды тегін тамақтандыруға бөлінген қаражат шығынды ақтамайтынын айтқан болатын.
Дереккөз: inform.kz