Алматы қаласында биылғы жылдың 15 мамырдан бастап жалпы ауданы 2424,54 га болатын орманды алқаптарда, қала саябақтары мен скверлерінде кенелерге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарының 2 кезеңі басталады.
Өңдеу жұмыстарымен 8 орманды алқап (көлемі - 1904,924 га), 144 қала саябақтары мен скверлері (көлемі – 519,616 га) қамтылады және ауа-райына байланысты (құрғақ, жауын-шашынсыз күндері) кестеге сәйкес ағымдағы жылдың 15 мамырынан 5 маусымға дейін жүргізіледі.
Дезинсекциялық іс-шараны қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандарының тікелей бақылауымен «Алматы қаласының дезинфекция орталығы» филиалы атқарады. Жасақталған дезбригадалар қажетті құралдармен, көліктермен және жеке бас қорғаныш заттарымен жабдықталған.
Кене энцефалитіне қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін «Фаворит» акарицидтік препараты қолданылады. Препарат аз уытты және қауіптілігі төмен санатқа жатқызылады (3-4 класс). Кенелермен күресу үшін қолданылатын дозалар ең аз және адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз болып табылады. Өңдеу жұмыстары таңертеңгілік сағаттарда жүргізіледі. Өңделетін аумақтардың шекараларында «Кенеге қарсы өңдеу жүргізілуде» ескерту хабарламалары бар тақта орнаталады.
Дереккөз: Almaty.tv