Медеу ауданының қалаға қосылған ықшамаудандарында жол жөндеу жұмыстары басталады

09.03.2021

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде инженерлік желілерді салу барысымен және жол жөндеу жобаларымен танысты.

Қала әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүріп жатқан Медеу ауданындағы тұрғын алаптарына жасаған жұмыс сапары туралы айтты.

«Көлсай ықшамауданында сумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқан соң, су бұру желісі жүргізіледі. Топырақ үйінділерінің беті инертті материалмен жабылады. Дәрігерлік амбулаторияға арналған учаскені немесе үй-жайды анықтау мәселесі шешілуде», - деп жазды Б. Сағынтаев.

Кеңсай саяжайы аумағында ретсіз салынған құрылыс салдарынан инженерлік желілерге арналған дәліздер мүлдем жоқтың қасы. Сондықтан тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етудің түрлі нұсқасы қарастырылады.

Думан ықшамауданында өткен жылы тоқтап қалған 19 шақырым сумен жабдықтау және 25,5 шақырым су бұру желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар қайта жанданды. Қазір сынақтан өткізу және жергілікті тұрғындар айтқан кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Содан кейін 53 көше бойындағы 27,4 шақырым жолды жөндеу басталады.

Алматы әкімі Думан ықшамауданындағы 200 адамға арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жобасымен танысты. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жөнделген Шухов алаңына барған кезде Б. Сағынтаев көліктердің жасыл аймақ арқылы өтуіне тыйым салуды және оған іргелес аумақтарды абаттандыруды тапсырды.

Бұдан өзге қала әкімі жөндеу-әрлеу жұмыстары жүріп жатқан Әлеуметтік қызмет көрсету үйін аралап шықты.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі