Мәскеулік дәрігерлер бригадасы Алматыдағы стационарлар базасында COVID-19-ға қарсы күреске қатысады

07.07.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев аппараттық кеңесте Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі комиссия мүшелеріне екі мегаполис мэрлері арасындағы келісім бойынша кеше қалаға келген мәскеулік мамандар бригадасының басшысын Мәскеу қаласы Денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Алексей Токаревті таныстырды.

Қазіргі кезде коронавирус пандемиясына қарсы бірлесіп күресудің жобасы қолға алынуда. Бұл жобаны Алматы әкімдігі тарапынан әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ал Мәскеу Үкіметі жағынан Мәскеу мэрінің орынбасары Анастасия Ракова үйлестіреді.

Мегаполиске келген инфекционистер және эпидемиологтар, анестезиологтар, реаниматологтар, кардиологтар, пульманологтар, сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар кеңес береді және әдістемелік көмек көрсетеді. Алматыға құрамында барлығы 23 маманнан тұратын топ келді.

Ресейден келген мамандар делегациясы емдеу топтарына бөлінеді. Яғни, 3-4 топ Алматының медициналық ұйымдарының базасында ауыр науқастарды бағыттау және емдеу жұмыстарына қатысады. Ал қосымша жасақталған 2-3 топ COVID-19 індетіне шалдыққан әрі симптомсыздан симптомды деңгейге жеткен науқастарға медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар мамандардың тағы бір тобы лабораториялық зерттеулерді  ұйымдастыру мәселесімен айналысатын болады.

Осылайша, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің жеке келісімдерінің арқасында бауырлас қалалар арасындағы ынтымақтастықтың осынау ұтымды жобасы коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте қабылданған шаралардың пәрменділігін арттыруға ықпал ететін болады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі