Күніне шетелдіктерден түсетін 3-3,5 мың өтінім қаралады.Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес АҚ Алматы қаласы филиалының директоры Абдурасул Кулдашов айтты.
Оның айтуынша, бүгінде жұмысы күшейтілген Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс қарқынды.
«Жетісу ауданының әкімдігі спорт-сауықтыру кешені ғимаратын тегін беріп отыр. Осында 40-тан аса жұмыс орнын ұйымдастырып, қызмет көрсетіп жатырмыз. ЖСН-ді кез келген шетел азаматы бизнес жүргізу және қаржылық операциялық процестер үшін алатынын білесіздер. Бізде күніне шетелдіктерден түсетін 3-3,5 мың өтінім қаралады. Бұл әдеттегі жүктемеден 50 пайызға көп. Сондықтан, жүктемені азайту мақсатында, ЖСН алу тәсілдері қарастырылуда. Филиал басшылығы, Ішкі қауіпсіздік қызметі да осында. Көші-қон қызметінің мамандары да ресейліктерге кеңес беріп отыр. Құжаттарды аудару, нотариалды куаландыру қызметі де ұйымдастырылған», - деді ол.
Спикер ХҚО-ға кезекті алдына ала брондауға болатынын еске салды.
«ХҚО-ға кезекті алдын ала «Мобильді ХҚО» қосымшасы, eGovmobile, egovkzbot2.0 Тelegram-бот, eGov электрондық үкімет порталы және бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі арқылы брондауға болады. ХҚО-да кезекті брондау үшін электрондық үкімет порталының басты бетінде «Шетелдіктер үшін ХҚО-да кезекті брондау» қызметін таңдау, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін енгізу, мекеменің атауын көрсету қажет. ХҚО, келу мақсаты, күні мен уақыты толтырылады. Сәтті брондау кезінде шетелдік азамат көрсетілген уақыттан 15 минут бұрын ХҚО-ға келіп, кезек талонын алады», - деді А.Кулдашов.
Айта кетейік, шетелдік азаматтарға ЖСН алу үшін ХҚО-ға екінші рет оралу қажет емес. Дайын құжат өтініште көрсетілген қазақстандық телефон нөміріне жіберіледі.
Дереккөз: inform.kz