«Қоғамдық кеңістік құру бойынша әкімдіктің ең ауқымды жобаларының бірі» — Н. Ливинская «Желтоқсан» саябағы туралы»

14.12.2020

Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен «Желтоқсан» саябағы ашылды. Ашылу рәсімі 2020 жылдың 13 желтоқсанында өтті. Жаңа саябақ Түрксіб ауданының Жас қанат және Маяк ықшамаудандары аумағында орналасқан. Аумағы бойынша (100 га) қаладағы ең үлкен саябақтар үштігіне кіреді және қаланың солтүстігіндегі ең үлкені.

Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская бұл әкімдіктің қоғамдық кеңістік құру бойынша ең ауқымды жобаларының бірі екенін атап өтті. Бұрын аумақ абаттандырылмаған әрі қараусыз қалған, көгалдандыру құлдыраған.

«Пандемияға қарамастан 2020 жылы біз аумақты абаттандыру және жасыл қорды сауықтыру жұмыстарының бірінші кезеңін бастадық. Мұнда асфальтбетон, спорт алаңдарына арналған резеңке жабын, брусчатка төселді. Жаяу және велосипед жолдары мен жалғызаяқ жолдар жасалды. Спорттық және балалар алаңдары ұйымдастырылған. Аумақта 125 орындық пен 130 қоқыс жәшігі орнатылды», — деді Наталья Ливинская.

Саябақтың ашылу күні 100 қылқан жапырақты ағаш отырғызылды — бұл қарағай, көк шырша және Тянь-Шань шыршасы. Көгалдандыру алаңы — 23 мың ш. м. Басқармада хабарланғандай, аумақты көгалдандыру келесі жылы да жалғасады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі