Қазақстандық вакцина сапасы бойынша әлемдік баламалардан кем емес

26.04.2021

Бүгін Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында журналистердің сұрақтарына ҚР клиникалық және іргелі медицина академигі, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреев жауап берді. Профессор қазақстандық вакцинаның сапасы бойынша әлемдік баламалардан кем еместігін, вакциналарды салыстыруға болмайтынын, өйткені олардың барлығы тиімді, қауіпсіз және сертификатталғанын атап өтті.

Айта кетейік, бүгін 26 сәуірде Қазақстанда халықты QazVас вакцинасымен вакциналау басталды. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында QazCovid-in COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылды.

Қазақстанда өндірілген QazVac вакцинасының бірінші партиясы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының қоймасына келіп түсті. Жалпы алғанда, 6 мың доза (1 және 2 компонент), олар ҚДСБ медициналық ұйымдары арасында бөлінген. Бұл 3000 адамды вакциналауға жеткілікті. Алматылықтар қалауы бойынша қазақстандық немесе ресейлік препаратты таңдай алады.

Қазақстан эпидемиологиясының негізін қалаушы Сәкен Әміреевтің айтуынша, отандық вакцина инактивацияланған, оның дозасы 0,5 мл/доза және бұлшықетке егіледі. Құрамында SARS-CoV-2 тазартылған инактивирленген тұтас вирионды штаммы бар. Мұндай вакциналар дене температурасын көтермейтін жеңіл асқынуларға ие. Sputnik-V сияқты, ол да екі компонентті және 21 күндік интервалмен енгізіледі.

Сәкен Әміреев қала тұрғындарын коронавирусқа қарсы екпе алуға асығуға шақырды, өйткені әлемде бүгінгі таңда бұл инфекцияны жұқтырғандар саны 146 млн асты.

«Осы кезге дейін коронавирустан шамамен 3 млн адам қайтыс болды. Егер халық әлі де күтіп, екпе салдырмаса, біздің қанша адамды жоғалтатынымыз белгісіз. Вакцина аурудың алдын алатынын есте сақтау керек. Бұл халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыруы үшін қажет. Эпидемиология заңы бойынша иммундық қабат пайда болуы үшін халықтың 60% және одан көп бөлігі вакциналануы қажет. Ұжымдық иммунитет осындай көрсеткіштер болған кезде қалыптасады», — деді Сәкен Әміреев.

Ол халқының 84%-дан астамы екпе алған Израиль мемлекетін мысалға келтірді. Жаппай вакциналаудың арқасында карантиндік шаралар ішінара жеңілдетілген.

Сәкен Әміреев антиденелерді тексерудің соңында жүріп, қаражат пен уақытты ысырап етпеуге, Алматы мен өңірлердің тұрғындарын жаппай вакциналауға қатысуға шақырды.

«Халық кейде екпе жасамау үшін себеп іздейді. Ауруды жасырудың қажеті жоқ, сонымен қатар коронавируспен ауырғандардың иммунитеті әлсіз екенін есте ұстаған жөн, сондықтан олар қалпына келгеннен соң 6 айдан кейін вакциналануы керек. Вакцина жалпы жақсы өтеді. Вакцинаны алғандар өздерін жақсы сезінеді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, халыққа жүгінгім келеді: вакциналаудан қорқудың қажеті жоқ, COVID-19-ға қарсы вакциналау – алдын алудың сенімді тәсілі», — дейді Сәкен Әміреев.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтында QazVac-тың коронавирустық инфекцияға қарсы инактивтендірілген вакцина алғандардың жақсы жасушалық иммундық жауабы туралы ақпарат келтірілген. Бұл вакциналанған адамдарға аурудан сенімді қорғануды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар QazVac вакцинасы вирустың барлық мутацияланған штамдарына төтеп бере алады.

Инактивтендірілген вакцина толығымен вирионнан жасалған және онда ақуыздардың барлық спектрі сақталған, сондықтан кез келген мутация кезінде QazVac вакцинасынан кейін қалыптасқан антиденелер вирусты таниды, оны залалсыздандырады және жаңа вируспен кездескен жағдайда инфекция туралы ақпаратты сақтайды.

Осылайша, қазақстандық QazVac вакцинасы жоғары сенімділікті, тиімділікті көрсетті және жаппай қолдануға ұсынуға болады.

Анықтама:

Клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңіне 18-65 жас аралығындағы 44 ерікті, екінші кезеңге — 200 адам, үшінші кезеңге — 3 мың адам қатысты. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізілімінде өзінің ковидке қарсы вакцинасын тіркеді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі