Карантинге қарамастан Алматыда әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақты болуы қамтамасыз етілуде

20.08.2020

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова мәлімдеді. Сондай-ақ брифингіге «Алматы ӘКК» басқарма төрағасы Асқар Білісбеков қатысты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі Алматы қаласы әкімінің ерекше бақылауында екенін атап өткен жөн. Бағаны ұстап тұру үшін кешенді, жүйелі шаралар қабылдануда.

«Аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, негізгі 29 сауда нысанында: сауда желілерінде, базарларда, Алтын Орда базарында күн сайын ӘМАТ бағасына мониторинг жүргізіледі. Бағаны негізсіз көтеру фактілері бойынша сауда нысандарымен түсіндіру іс-шаралары жүргізілуде. Жеткізушілердің бағаны  өсіргені анықталса, ҚР өңірлерінен басқа жеткізушілер ұсынылады», — деп хабарлады Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Сондай-ақ ол тамыз айының басынан бастап жедел шаралардың арқасында ӘМАТ-ның 5 атауының бағасы төмендетілгенін айтты.

«Сары-Арқа», «Көк Базар», «Арыстан» базарларында, «Тоймарт», «Carefood» сауда нысандарында күріш, картоп, пияз, қант, қарақұмық жармасының орташа бағасы қойылды», — деп толықтырды Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Қосымша айта кететін жайт, Алматы қаласының азық-түлік қауіпсіздігін  қамтамасыз ету мақсатында, 2017 жылы кәсіпкерлік субъектілерін  жеңілдетілген қарыз беру арқылы тартып, бағаның өсуін тежеу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Алматыдағы осы жобаның оң нәтижелері негізінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2019 жылы Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетіктерінің үлгілік қағидаларын әзірледі. Олар бүгінде ҚР барлық өңірлерінде қолданылады.

Бүгінгі таңда осы қағидалар шеңберінде Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматы» ӘКК» АҚ бірлесіп бағаны бекіту жұмыстарын жүргізуде.

Карантин енгізілген сәттен бастап ҚР өңірлерінің басшылығымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қаланың сауда желілеріне тікелей жеткізу жұмыстары жүргізілді.

«Қала базарларына да, сауда желілеріне де 300 тоннадан астам  қырыққабатты жеткізу ұйымдастырылды. Қызылорда облысынан күріш, Ақмола облысынан қауыз (рожок) жеткізілді. ҚР өңірлерінен көкөніс жеткізуді ұйымдастыру бойынша қосымша жұмыс жүргізілуде», — деп толықтырды Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Бұдан басқа, сиыр етін үстіміздегі жылдың соңына дейін 1 келісіне 1850 тг белгіленген сату бағасымен қаланың 250 сауда нысанына жеткізу ұйымдастырылды, сауда нысандары 500-ге ұлғайтылды.

27 сауда нысанымен жасалған меморандумдар шеңберінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-тен аспайтын сауда үстемесінің сақталуына мониторинг жүргізіледі.

Бұдан басқа ӘМАТ өндірушілеріне агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

«Жыл басынан бері 6 кәсіпорын жалпы сомасы 500 млн тг астам субсидия алды. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 800 млн теңгеге 5 кәсіпорыннан 350 өтінім қарастырылуда. Бұл 41,9 млрд тг инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Олар «Масло-Дел» ЖШС, «Беккер и К» ЖШС, «МЗ Солнечный» ЖШС, «RG Brands» ЖШС, «ЕФК» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар», — деп хабарлады Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Қаланың өндіруші кәсіпорындарымен үстіміздегі жылдың соңына дейін өндірілетін өнімнің бағасын белгілеу туралы келісімге қол қойылды.

«Карантин режиміне қарамастан, қабылданған жүйелі әрі жедел шаралардың арқасында қала әкімдігі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға қол жеткізді», — деді Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Мәселен, үстіміздегі жылдың сәуірінде тұтыну бағасының индексі (ТБИ) 100%-ті құрады, яғни өзгерген жоқ. Ал мамырда ТБИ – 99,2%, ӘМАТ 6 атауы бойынша баға төмендеді. Маусымда ТБИ – 99,7%, 10 атау бойынша баға төмендеді. Шілдеде ТБИ – 98,7%, ӘМАТ 7 атауы бойынша баға төмендеді. Тамыздың басынан бастап (ТБИ 99,5%) ӘМАТ 6 атауы бойынша баға төмендеді: күріш, сүт, айран, картоп, сәбіз, пияз.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі