«Қала көпорталықты болуы тиіс» — Б. Сағынтаев алмалықтарды қаланы абаттандыру және көгалдандыру жоспарымен таныстырды

15.04.2021

Алматыда «Алматының 2021 жылы дамуы: көріктендіру және көгалдандыру жобаларының» онлайн таныстырылымы өтті.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланы дамытудың басты бағыты ретінде тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды атады. Даму жоспарлары «Алматы-2050» стратегиясында айқындалған.

Жасыл қала мәртебесін қайтару үшін шаралар қабылданды. 2020 жылы жасыл желектердің рекордтық саны – 282 мың көшет отырғызылды. Негізінен ағаш отырғызу Алатау, Түрксіб, Медеу аудандарында жүзеге асырылды. Жасыл желектермен қамтамасыз ету 1 адамға шаққанда 7,7 шаршы метрді құрайды, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,6 шаршы метр болған. Биыл 350 мың ағаш отырғызылады. Ағаштарды күтіп баптауға – жасыл қорды емдеу мен биоәртүрлілікті сақтауға назар аударылады.  Жасыл желектерді суару үшін жаңа ұңғымалар салынды, арық желісі түгенделді.

Б. Сағынтаев мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Шетсіз қала» бағдарламасы қабылданғанын, ол Алматының шалғай аудандарындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті. Саябақтар, скверлер және жайластырылған жаяу жүргінші көшелерінде жасыл аймақтарды жаңғырту және құру жоспары қабылданды. Карантинге қарамастан былтыр 22 саябақ пен скверде жөндеу жұмыстары жүргізілді, яғни барлығы 284 га аумақ абаттандырылды. Биыл 9 жаңа саябақ құрылысы басталады.

Бос жер жоқтығын ескеріп, жаңа рекреация құру үшін 8 жер учаскесін қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ саябақ жасау үшін Құрманғазы, Абылай хан, Шевченко, Панфилов көшелері шеңберіндегі 2 учаске қайтарылды. Бұдан бөлек қаланы көгалдандыру және табиғи ландшафты сақтау мақсатында 120 га (31%) берілді, бұл қала тұрғындары үшін жайлы орта жасауға мүмкіндік береді.

17 көше бойында жаяу жүргінші кеңістіктерін құру жоспарда бар. Биыл Есентай, Жарбұлақ, Үлкен және Кіші Алматы өзендері бойындағы аумақты абаттандыру жоспарланған. Боралдай, Тастыбұлақ, Қарағайлы өзендерін жобалау басталды, Үлкен және Кіші Алматы бойынша жұмыс жалғасады. Негізгі қағидат – табиғи ландшафтыны сақтай отырып абаттандыру.

Қала әкімшілігі жұмысындағы маңызды басымдық – тұрақты қала құрылысы саясаты. Елімізде тұңғыш рет «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Алматы қаласының Бас жоспарын түзету бойынша қоғамдық талқылаулар өтті. Сараптамалық және қоғамдық талқылаулар барысында айтылған ұсынымдардың бір бөлігі қала құрылысы қағидаларын әзірлеуде ескерілді.

Бұл ережелер тарихи орталықтағы, соның ішінде аулалардағы тығыз құрылысты шектеу; ғимараттардың биіктігі мен қасбеттерін өзгертуді реттеуге, қала үшін тарихи маңызы бар нысандарды бұзуға тыйым салу мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Орталықтың тарихи келбетін сақтау бойынша шаралар қабылданып жатыр. 156 үйдің қасбеті жөнделді. 2021 жылғы жоспар — 70 қасбетті жөндеу.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі