23.07.2026

Қазақстанда мемлекеттік жобалық басқару жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 2 шілдедегі №375/НҚ бұйрығымен Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Негізгі жаңалықтардың бірі – мемлекеттік органдардағы процестік қызмет пен жобалық қызметтің нақты ажыратылуы. Бұл тәсіл жобалық басқару құралдарын тек даму мен жаңа нәтижелерге бағытталған бастамаларға қолдануға мүмкіндік береді.

Процестік қызмет – күнделікті жұмыстың негізі

Жаңартылған қағидаларға сәйкес процестік қызметке тұрақты, қайталанатын немесе үздіксіз орындалатын функциялар жатады.

Олардың қатарына мерзімді есептілік әзірлеу, азаматтардың өтініштерін қарау, жоспарлы мониторинг жүргізу, қолданыстағы ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және басқа да тұрақты мемлекеттік функциялар кіреді.

Мұндай жұмыстар жоба ретінде рәсімделмейді, цифрлық жобалық басқару жүйесіне енгізілмейді және қызметкерлердің лауазымдық міндеттері шеңберінде бағаланады.

Бұл артық әкімшілік рәсімдерді қысқартып, мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жобалық тәсіл – даму міндеттері үшін

Жобалық басқару тек жаңа өнім жасауға немесе қолданыстағы нәтижелерді елеулі түрде өзгертуге бағытталған бастамаларға қолданылады.

Жоба нақты нәтижеге, белгіленген мерзімге, қажетті ресурстарға, бірнеше қатысушының өзара іс-қимылына және жобалық басқару құралдарын пайдалануға негізделуі тиіс.

Мұндай жобаларға жаңа мемлекеттік қызметтерді іске қосу, инфрақұрылымдық нысандар салу, цифрлық жүйелерді енгізу, қолданыстағы процестерді жаңғырту және ведомствоаралық бастамаларды жүзеге асыру жатады.

Жауапкершілік пен өкілеттіктердің айқын бөлінуі

Жаңа қағидалар әрбір жобаға қатысушының рөлі мен жауапкершілігін нақты айқындайды.

Қызметкерге нақты нәтиже, орындау мерзімі және өкілеттіктер көлемі көрсетілген жобалық тапсырма бекітіледі.

Бұл әсіресе бірнеше мемлекеттік орган қатысатын жобалар үшін маңызды.

Егер жобаның орындалуы басқа ұйымның әрекетіне тәуелді болса немесе қаржыландыру, келісу, сатып алу, жер мәселелері немесе басқа да сыртқы факторлар кедергі келтірсе, бұл тәуелділіктер цифрлық жүйеде тіркеліп, Басқарушы комитеттің қарауына шығарылады.

Бірыңғай цифрлық басқару жүйесі

Цифрлық жобалық басқару жүйесі жобалардың орындалуы туралы бірыңғай ақпараттық алаңға айналады.

Жүйеде іске асыру мерзімдері, жауапты тұлғалар, қол жеткізілген нәтижелер, тәуекелдер, өзгерістер және қабылданған басқарушылық шешімдер көрсетіледі.

Бұл жобалардың орындалуын объективті бағалауға және нақты өкілеттіктері жоқ қызметкерлерге негізсіз жауапкершілік жүктемеуге мүмкіндік береді.

Басқарушы комитеттің рөлі күшейтіледі

Жаңартылған қағидалар Басқарушы комитеттің өкілеттіктерін де нақтылайды.

Комитет жобаларды іске қосу, тоқтату, қайта бастау және сүйемелдеу жөнінде шешім қабылдайды, сондай-ақ жобалық офистің бас менеджері мен әкімшісін тағайындайды.

Сонымен қатар жобалық командалардың құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге бизнес, ғылыми ұйымдар және сарапшылар қауымдастығының мамандары да қатыса алады.

Нәтижеге бағытталған жаңа басқару моделі

Жаңа қағидалар мемлекеттік басқарудың барынша икемді әрі практикалық моделін қалыптастырады.

Күнделікті функциялар процестік басқару аясында орындалады, ал даму жобалары қажетті ресурстармен, тиімді үйлестіру тетіктерімен және нақты жауапкершілік жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Бұл тәсіл әкімшілік жүктемені азайтып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға, жобалық офистердің жұмысын қалалық ортаны, мемлекеттік қызметтердің сапасын және мемлекеттік басқарудың тиімділігін жақсартуға бағытталған бастамаларға шоғырландыруға мүмкіндік береді.

 

ТӨРАҒАНЫҢ БЛОГЫ