Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде алматылықтардың сұрақтарына жауап беру барысында айтты.
Кезекті хабарда Б. Сағынтаев қаланың инфрақұрылымын жақсартуға қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.
«Жол, су желілерін салу, жарықтандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру, балабақшалар мен мектептердің құрылысын жүргізу жөніндегі барлық маңызды шешімдер тұрғындармен кездесудің арқасында қабылданды», - деп атап өтті Алматы әкімі.
Б. Сағынтаев өз сөзінде 2019 жылдың екінші жартыжылдығында қала аумағын дамытудың барлық жоспары алматылықтардың пікірі ескеріле отырып, қайта жасалғанын айтты.
«Бірінші кезекте қандай мәселені шешу қажеттігін сол аумақта немесе ауданда тұратын адамнан артық ешкім білмейді. Мен тұрғындармен кездесу кезінде нақты ақпарат алатыныма талай рет көз жеткіздім. Мұндай кездесулердің қаншалықты пайдалы екендігі жөнінде сұрақ қойған жанмен толық келісемін. Әрине, жұмыстың бұл түрі одан әрі жалғасатын болады. Мен өзім ашықтықты әрі қала тұрғындарымен еркін әңгімелесуді қолдаймын», - деді Б. Сағынтаев.
Тамыз айынан бастап өткен жылдың соңына дейін Алматы әкімі қала тұрғындарымен 16 кездесу (әр ауданда екі рет) өткізді, бұл тұрғындарды толғандыратын сұрақтарды тыңдауға мүмкіндік берді. Бұдан өзге, алматылықтар әкімнің жұмыс сапары кезінде өтініштері мен тілектерін білдірді.
«Біз мұндай кездесулерді осы жылдың екінші тоқсанынан бастап жалғастыруды жоспарлағанбыз, бірақ пандемияға, елде төтенше жағдайдың жариялануына және коронавирустың алдын-алудың карантиндік шараларына байланысты оларды тоқтатуға тура келді. Әзірге азаматтарды қабылдау онлайн-байланыс арқылы жүргізілуде. Бұдан өзге, «Алматы» телеарнасы алаңында мен сіздердің сұрақтарыңызға үнемі жауап беретін боламын», - деп атап өтті Алматы әкімі.
Еске салсақ, қала әкімдігінің, Алматы қаласы әкімінің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарына келіп түскен барлық өтініштер мен шағымдарды «Open Almaty» операторлары өңдейді. Олардың әрқайсысына жауап беріледі.
Бұл Akimat Live бағдарламасының үшінші эфирі, оның барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалаға қатысты жалпы тақырыптар бойынша 20-дан астам өзекті сұраққа жауап берді. Алматылықтарды қалаға бірнеше жыл бұрын қосылған ықшамаудандардағы сумен жабдықтау, жарықтандыру, жол салу мәселелерінің қалай шешіліп жатқандығы және белгіленген жоспарлардың орындалуына індеттің қаншалықты әсер еткені қызықтырды.
Өткен аптада Алматы әкімі КВИ-ге қарсы жүргізілген пәрменді іс-шаралар туралы айтып, қалалықтардың ең өзекті сұрақтарына жауап берген болатын.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі