Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігінің кредиттік рейтингі — шетелдік және ұлттық валютадағы эмитент дефолтының ұзақ мерзімді рейтингі («ЭДР») «BBB-» берілді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Білісбеков атап өткендей, Қазақстанда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация алғаш рет инвестициялық санаттағы халықаралық кредиттік рейтингке ие болып отыр.
«Бұл рейтинг кредит төлеу қабілетінің жақсы екендігін, несиелер бойынша төмен болжамдарды, қаржылық міндеттемелерді уақтылы өтеу мүмкіндігі дәлме-дәл бағаланатындығын білдіреді. ӘКК-ның одан кейінгі даму кезеңдері және өсу нүктесі – облигациялық қарыздардың сыртқы капитал нарығына шығарылуы», — деп атап өтті А. Білісбеков.
Оның айтуынша, Fitch Алматы ӘКК-нің рейтингін мемлекетпен байланысты компаниялардың рейтингі әдіснамасы негізінде бағалады, өйткені ӘКК Алматы қаласы әкімдігінің меншігінде және өз қызметін жүзеге асыру үшін қалалық бюджеттен қаржыландырылады.
Мысалы, 2015-2020 жылдары Алматы ӘКК қалалық азық-түлік қауіпсіздігі қорын қаржыландыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін 46 млрд теңге жеңілдетілген несие алды.
Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі ерекше бақылауда. Алматы ӘКК бағаны ұстап тұруының басты тетіктері:
- тұрақтандыру қорынан азық-түлік интервенциясы;
- жеңілдетілген қарыз беру арқылы кәсіпкерлік субъектілерін (сауда желілері, ірі жеткізушілер) тарту;
- демалыс күнгі жәрмеңкелер мен 28 сауда павильонының қызметі – халыққа ӘМАТ-ын орташа нарықтық бағадан төмен бағамен ұсынады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі