Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаровтың төрағалығымен өткен комиссияда биылғы жылдың жұмыс қорытындысы шығарылып, келесі жылға жоспарлар белгіленді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссия жұмысын қорытындылағаннан кейін Е. Бабақұмаров бірқатар басты міндеттерді белгіледі.
Қала әкімінің орынбасары Мемлекеттік хатшы Қ. Көшербаевтың жақында өткен мемкомиссияда берген тапсырмаларын ескеруді тапсырды. Бұл әзірленіп жатқан 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына қатысты. Жоспарда баспа, публицистикалық және зерттеу қызметін ұйымдастыру мәселелерін ескеру қажет. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, тақырыптық көрмелер өткізуге, ТМД қалаларының мұрағаттарына ғылыми экспедициялар ұйымдастыруға назар аудару тапсырылды.
Сондай-ақ архивтермен жұмыс істеу кезінде құқық қорғау және арнайы органдармен қызметті үйлестіру бойынша міндет қойылды.
Отырысты қорытындылай келе, Е. Бабақұмаров комиссия мүшелеріне жұмысы үшін ризашылық білдіріп, оларға алғыс хаттарды тапсырды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі