Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн форматта коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі қалалық штабтың отырысын өткізді.
Мегаполистегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал, карантиндік шектеулердің сақталуын жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ж. Бекшин жұқтыру деңгейінің төмендегенін хабарлады. Тәулік ішінде КВИ-дің 184 жағдайы тіркелді. Оның үстіне соңғы 7 күнде симптомды науқастардың үлес салмағы өткен жылғы 50%-бен салыстырғанда 83,2%-ды құрады, бұл жоғары патогенді мутациялы COVID-19 штаммының қоғамда таралғанын көрсетеді. Жұмыспен қамту тұрғысынан инфекциялардың 21%-ы түрлі ЖШС, ЖК, АҚ қызметкерлеріне тиесілі, сондықтан жұғудың таралуын болдырмау және ШОБ кәсіпорындарының жабылмауы үшін вакцина салдыру қажет.
Адамдар көп шоғырланған және санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталмаған жерлерде, қалалықтардың қоғамдық орындарда болуы салдарынан жұқтырудың барынша көп болатыны анықталды. Олар — базарлар, саябақтар, демалыс орындары мен СОСО және т. б. Мысалы, азық-түлік базарларында жұқтыру 8,9%-ға, азық-түлік дүкендерінде — 8,9%-ға, СОСО мен СҮ-де — 6,3%-ға өскен.
Осыған орай ахуалды әрі қарай тұрақтандыру үшін қала әкімнің орынбасары Е. Бабақұмаров адамдар көп жиналатын жерлерде мониторинг топтарының жұмысын күшейту қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, базарларда, вокзалдарда, әуежай аумағында, сондай-ақ жазғы кезеңді ескере отырып, фонтандардың жанында, саябақтар мен алаңдарда. Санитарлық патрульдердің жұмысын ұйымдастыруға қатысты жеке тапсырмалар берілді.
Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын санитарлық шараларды сақтауға шақырады, өйткені инфекцияның жаңадан өршу қаупі жоғары, оның ішінде COVID-19 мутацияланған штаммдары тез енуі мүмкін. Бетперде тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу, сондай-ақ медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса, COVID-19 вакцинасын алу өте маңызды.
Штаб отырысында мониторинг топтарының жұмыстары да қаралды. Алматыда жыл басынан бері мониторинг топтары 2600-ден астам тексеру жүргізді, 24 мыңға жуық нысандардың карантиндік шараларды сақтауы тексерілді, 2200-ден астам заң бұзушылық фактілері анықталды. Заңды және жеке тұлғаларға жалпы сомасы 320 млн теңге болатын 4,8 мыңға жуық айыппұл салынды, «әдейі» бұзушылар жайлы 75 материал сотқа берілді, олардың 54-і бойынша шешім қабылданды. Осы аптада, 31 мамыр-4 маусымға дейінгі аралықта қалада 815 нысан тексерілді, анықталған бұзушылықтар бойынша 6,2 млн теңгеге 56 хаттама толтырылды.
Қала әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров Ashyq жобасына қатысты шектеу шараларын күшейтіп, бетперде режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін айтты.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі