Ағымдағы жылдың 30 шілдесінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаевамен бірге жұмыс сапары барысында білім беру инфрақұрылымының жаңа оқу жылында офлайн форматта оқыту бойынша оқушыларды қабылдауға дайындығымен танысты. Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының дәстүрлі форматта оқуға дайындығын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Жұмыс сапары аясында жаңа және қосалқы нысандардың мектеп оқушыларын қабылдауға дайындығы тексерілді. Ағымдағы жылы табиғи өсімнің және көші-қонның артуы арқасында Алматыда оқушылар саны 280 мың балаға жетті. Осыған орай әрі күрделі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, білім беру үдерісі кезінде қауіпсіздік шаралары мен әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету үшін жаңа оқушы орындарын ашу барынша маңызды.
Мәселен, №38 гимназия мен №199 мектептің қосалқы нысандары, №40 және №45 мектептерді қалпына келтіру және сейсмикалық күшейту жұмыстары тексерілді. №21 мектеп аумағындағы 120 орынды жаңа балабақшаның дайындығы қосымша тексерілді. Осы нысандарды іске қосудың арқасында жаңа оқу жылына 1025 жаңа оқушы орны құрылатын болады. Алматыда 2025 жылға дейін білім беру нысандарының құрылысын жедел жүргізу қалалық бағдарламасы аясында мектептердегі орын тапшылығын 73%-ға төмендету жоспарлануда.
Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелеріне жіті назар аударылды. №56 гимназия мектебінің тәжірибесі бойынша оқушылар мен оқу процесіне қатысатын басқа тұлғалардың температурасын өлшейтін арнайы кіру жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылған.
Әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров білім беру мекемелерінің аумағын салу мен абаттандыруды мерзімінде аяқтаудың маңыз екенін атап өтті және білім беру қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. COVID-19-ға қарсы вакциналануға баса назар аударылды. Бүгінде Алматыда 705 мыңға жуық тұрғын вакциналанды, мұғалімдер екпемен 100% қамтылды (вакциналануы тиіс тұлғалар саны бойынша). Алайда, балаларды қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ересек тұрғындарды, оның ішінде ата-аналарды вакциналаумен қамтуды ұлғайту қажет.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі