Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалалық Білім басқармасының басшысы Л. Жылқыбаева және қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері, Аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ж. Бекшинмен бірлесіп биыл мегаполисте 6 мамыр мен 30 маусым аралығында өтетін ҰБТ-ны ұйымдастыру жөнінде онлайн форматта кеңес өткізді.
Басты мақсат – эпидемиологиялық жағдай бойынша Алматының «қызыл» аймақта болуына байланысты коронавирус инфекциясының таралуына жол бермей, ҰБТ өткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қоғамдық жиналатын орындарға бару қажеттілігін болдырмау мақсатында ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін түлектердің өтінішін қабылдау http://app.testcenter.kz сайтында online тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметі бойынша, биылғы оқу жылында қаланың орта білім беру ұйымдарында 11 337 түлек оқу бітіреді (мемлекеттік мектептерден 10 560 адам және жекеменшік мектептерден 777 адам).
Анықтама:
Тестілеу 5 пәннен тұрады (Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, таңдау бойынша 2 бейінді пән). ҰБТ-ның жалпы ұзақтығы апеляцияны есепке алғанда 4 сағат 30 минут (270 минут).
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тест өткізілетін ғимараттарда зертханалық-аспаптық зерттеуді аяқтады. ҰБТ өткізу пунктінде дайындық жұмыстары жүргізілді: іргелес аумақты, ғимараттың ішін тазалау жұмыстары жүргізіліп, жарықтандыру аспаптары, желдету жүйесі тексерілді, медициналық пункт дайындалды. Оқушылар мен қызметкерлердің жеке гигиенасын сақтау үшін жағдай жасалды. Ауыз су режимі ұйымдастырылған, оқушылар көлемі 0,5 л бөтелкедегі сумен қамтамасыз етіледі, сонымен қатар қосымша су диспенсерлері орнатылады. Оқушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті қондырғылармен және дәрі-дәрмекпен жабдықталған медициналық пункт жұмыс істейді, сондай-ақ кезекші жедел медициналық жәрдем бригадасын, аумақтық емханалардың дәрігерлерін тарту көзделген.
ҰБТ өткізу кезінде:
- ҰБТ өткізілетін орындар санитайзерлермен, тепловизорлармен, дезинфекциялау ерітінділерімен және аяқ киімге арналған кілемшелермен, бактерицидті шамдармен, ауа рециркуляторларымен, пайдаланған бетперделерді утилизациялауға арналған жәшіктермен қамтамасыз етіледі;
- аудиторияларда кондиционерлер, қабырға сағаттары, бейнебақылау камералары, бейнетіркегіштер жұмыс істейді;
- адамдардың топталуын болдырмау үшін кіреберістің алдында және ғимарат ішінде, оның ішінде өткізу және күту аймақтарында белгілер көмегімен әлеуметтік қашықтықтың (кемінде 1 метр) сақталуы қамтамасыз етіледі;
- бетперде режимін қамтамасыз ету. Қорғаныс құралынсыз келген ҰБТ қатысушыларына бетперде беріледі;
- ҰБТ өткізу пункті және тестілеу пунктіне жақын күту аймағы дезинфекцияланады;
- ҰБТ өткізу пунктінде медициналық қызмет көрсету ұйымдастырылады және медициналық пунктің жұмысы қамтамасыз етіледі (сондай-ақ COVID-19-ға қарсы вакциналауға ниет білдірушілер үшін уақытша мобильді егу пункті ашылады);
- қоғамдық тәртіпті сақтау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кезекшілік ұйымдастырылады.
Айта кету керек, ҰБТ өткізілетін ғимараттарға адамдардың көп жиналуын болдырмау мақсатында ата-аналар, мұғалімдер және басқа да адамдар жіберілмейді. Тәуекел тобындағы адамдарды, сондай-ақ 65 жастан асқан қарттарды ҰБТ қатысушыларымен бірге келмеуге шақырамыз.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі