Биыл Алматының Түрксіб ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. «Нұршашқан» шағынауданында құрылысы жүріп жатқан ғимарат қыркүйекте аяқталады деп болжанып отыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуі кезінде айтты.
Медициналық орталық 100 адамға арналады. Сондай-ақ «Қайрат» шағынауданында 340 адам қабылдайтын емхана салу жоспарланып отыр екен. Мегаполис басшысы мектептегі орын тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыс істеліп жатқанын тілге тиек етті. Биыл жаңа оқу жылында 1500 орынға арналған білім ордасы оқушыларды қабылдайды. Одан бөлек, аудандағы 2 мектепке қосымша ғимарат салынып, іргетасы нығайтылған. Шаһар басшысы Ерболат Досаев өз баяндамасында қоғамдық көлік мәселесінің маңыздылығына да тоқталып өтті.
«Аудан тұрғындарының өтініші бойынша биыл № 50, 10, 227 маршруттары жаңартылды. 12 маршруттың жылжымалы құрамы жаңартылады және «Қайрат» шағынауданынан «Райымбек» метро станциясына дейін жаңа автобус маршрутын іске қосу жоспарланып отыр. Осы жылдың 5 айында жол қауіпсіздігін жақсарту мақсатында ауданда 96 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды», – деді қала әкімі.
Қала басшысы жыл соңына дейін «Тұздыбастау» қосалқы стансасы пайдалануға берілетінін айтты. Құрылғы іске қосылса, аудандағы 6 мың абонентті тұрақты электрмен қамтуға мүмкіндік туады. Одан бөлек, нөсер жауын кезінде су басу қаупі бар 8 орын жөнделген. Ұзындығы 41 шақырым болатын арық желілеріне күрделі жұмыстар жүргізілген.
Ерболат Досаев сондай-ақ биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бөлінетін қаржы көлемі ұлғаяды деді.
«Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының тиімділігін ескере отырып, Түрксіб ауданына қосымша 875 млн теңге бөлінді. Аталған қаражатқа 56 жобаны, оның ішінде жалпы пайдалану орындарын абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын жайластыру, жарықтандыру желілерін салу жобасын іске асыру жоспарлануда», – деді Ерболат Досаев.
Дереккөз: Almaty.tv