Ералы Тоғжанов Алматының ғылыми-шығармашылық зиялы қауымымен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын талқылады

03.11.2021

Алматыға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын талқылау бойынша ғылыми-шығармашылық зиялы қауыммен кездесу өткізді.

Кездесуге шығармашылық және академиялық саланың, Қоғамдық кеңестің, Қазақстан халқы және Жастар ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова қатысты.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы» Жарлығымен бекітілген ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді, мәдени деңгейді арттыру және заманауи қоғамды рухани жетілдіру, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан «Рухани жаңғыру» құндылықтарын және «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын ілгерілету мәселелеріне назар аударылды.

Бүгінде елімізде 10 нақты ұлттық жоба белгіленген, оның ішінде «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы да бар. Жобаның мақсаты – ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтау және мәдени өнімдерді ынталандыру, олардың сапасы мен алуан түрлілігін арттыру арқылы әрбір қазақстандықтың көркемдік-шығармашылық әлеуетін іске асыру, жас ұрпақтың бойында рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, отандық мәдени өнімдерді ілгерілету, оның ішінде бірыңғай электрондық платформа құру арқылы «e-culture.kz». Ұлттық жобаларды іске асыру экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, қазақстандықтардың өмір сүру  сапасын жақсартудың факторына айналады.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 9 айында 347 жоба жүзеге асырылды. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында 80-нен астам іс-шара орындалды, олардың көпшілігі даланың ұлы тарихи қайраткерлерінің өмірін, мұрасын насихаттау бойынша өтті. Кітапханалар базасында «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасын қамтитын 105 дамыту үйірмесі жұмыс істейді. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Жаңа арнайы жобаларды іске асыру басталды: прагматизмді, ұтымды дағдыларды тәрбиелеуге, мәдени мұраны зерделеуге және т.б. бағытталған 67 іс-шара өткізілді, сонымен қатар, қаланың барлық колледждері мен көптеген мектептерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке тұлғаны дамытуға бағытталған іс-шараларды өткізуге жауапты тұлғалар анықталды (патриотизмді тәрбиелеу, шығармашылық әлеуетті арттыру және т. б.).

Кездесуге қатысушылар өз сөздерінде мәдени инфрақұрылымды одан әрі дамыту, ұлттық құндылықтарды медиа өнімдер мен киноның түрлі форматтарында ілгерілету, мемлекеттік тілде білім беру контентін арттыру және т. б. мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. 

Талқылауға ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Кинематографистер одағының басқарма төрағасы Ермек Тұрсынов, «Қазақстандық авторлық қоғам» РҚБ төрағасы, ҚР Композиторлар одағының құрметті төрайымы Балнұр Қадырбек, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Жазушылар одағының мүшесі Смағұл Елубаев, М. Лермонтов атындағы Ұлттық академиялық орыс драма театрының директоры Юрий Якушев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің экс-ректоры Такир Балықбаев, лингвист Анар Фазылжан қатысты. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар өкілдері «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстың негізгі бағыттарын түсіндіріп, көтерілген мәселелерге түсініктеме берді.

Кездесу соңында Ералы Тоғжанов ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне мәдени құрамдас бөлікті дамытуға, елдің шығармашылық әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, мемлекеттік органдарға ұлттық жобаларды, оның ішінде кездесу барысында айтылған ұсыныстарды ескере отырып, сапалы іске асыру үшін өзара іс-қимылды күшейту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

 

 

Ақпарат көзі: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі

primeminister.kz