Елімізде биыл 239 адам мұз қатқан су аймағымен жүріп оқыс жағдайда көз жұмған

23.12.2022

Олардың 77-сі кәмелетке толмаған балалар.

Елімізде биыл жыл басынан бері 239 адам жолды қысқаратамын деп мұз қатқан су бетінің үстімен жүріп, оқыс жағдайда мерт болған.

Олардың 77-сі кәмелетке толмаған балалар. Құтқару қызметінің мамандары өзен мен көлдегі қатқан мұз қатты болып көрінгенімен, онымен жүріп өту қауіпті екенін ескертеді.

Алматыда соңғы 1 айда ауа райы өте құбылмалы. Сынап бағанасы бірде 0 градустан жоғары болып, күн жылынса, енді бірде төмендеп, аяз тұрады. Тұрақты температураның сақталмауынан қаладағы аумағы үлкен көл беті дұрыс қатып та үлгермейді екен. Сол себепті төтеншеліктер тұрғындардың аса сақ болуын сұрайды. Ұзын жолды қысқартамын деп мұз үстімен өткісі келетіндерге қатаң түрде тыйым салынғанын ескертеді.

«Мұзға қараңғы және нашар көрінетін уақытта шықпау керек, мұз айдындарына. Қоршалмаған және қорғалмаған жерлерден өтуге немесе автокөлікпен шығуға тыйым салынады. Жалпы шығуға болмайды мұз үстіне. Қаттылығын аяқпен тексеріп, теуіп, секіруге тыйым салынады. Аудан әкімшіліктерімен бірлесіп, су алқаларында 22 «Абайлаңыз жұқа мұз» және «балық аулауға болмайды» деген ескертпелер орнатылған», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтанов.

Қалалық құтқару қызметінің мамандары мұндай оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізетінін айтады. Себебі оқыс оқиғалар мен апатты жағдайларға кез-келген уақытында дайын болу керек дейді.

Сонымен бірге мамандар жақын маңда тұратын жұртшылыққа қауіпсіздік ережелерін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бүгін мұнда қаладағы №77 және №89 мектеп оқушыларын арнайы шақыртыпты. Себебі бұл білім ордалары Кіші Тоған көлінің дәл жанында орналасқан. Мектеп жасындағы балалар көл бетіне қатқан жұқа мұзды қызық көріп, жиі сырғанауға баратын көрінеді.

«Көлдің тереңдегі 8 метр. Көлемдігі жағынан алатын болсақ, жоғары қарай 500 метр, ені 200 метрге дейін барады. Түгелдей осы су аймағына 24 сағат бойы кезекшілік атқарамыз.Тереңдігі мен үлкендігіне қарамай жұмыс атқару біздің парызымыз. Әр адамның өмірі біз үшін маңызды», – деді Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Естай Әлімжанов.

Алматыда өткен жылы Кіші Тоған көлінің бетіне қатқан мұзбен жүріп өтпек болған 35 жастағы азамат оқыс жағдайда көз жұмған. Ал биыл қайғылы оқиға тіркелмепті. Айта кетейік, мегаполисте қыс мезгілінде қауіп тудыратын 10 өзен-көл бар екен. Олардың әрқайсысында құтқару қызметінің мамандары тәулік бойы қызмет етеді.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.