16.08.2022

Энергетика министрлігі монополистердің өтінімі қаралып жатқанын мәлімдеді.

Электр энергиясы әлі де қымбаттайды. Бірақ қанша пайызға екені әзірге белгісіз. Нақты тарифтер келесі айда айтылады.

1 шілде күні коммуналдық қызметтердің тарифін көтеруге тыйым салатын мораторийдің мерзімі аяқталған еді. Монополистер сол уақытты асыға күткен бе, әйтеуір мемлекеттік органдарға тарифті көтеру туралы өтініш жаудыра бастапты. Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген энергетика министрлігі монополистердің өтінімі қаралып жатқанын мәлімдеді. 

«Біз субьектілердің өтінімін қабылдадық. Олардың қарауы 30 күн. Біздің ойымызша қыркүйекте нақты жауап пен нақты сандар бізде болады. Қазіргі уақытта ұлттық банк белгілеген бойынша инфляция үлесі 8-10 пайыз. Жалпы, қымбаттайды», – деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тимур Қосымбаев. 

Тимур Қосымбаевтың айтуынша, тариф халықтың қалтасына салмақ түсіретіндей бірден қымбаттамайды. Яғни, біртіндеп көтеріледі. Әрбір аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да ескеріледі екен. Ал мораторий кезінде коммуналдық қызметті негізсіз көтерген жеке субьектілер тексеріліп, заң бұзушылық анықталса, азаматтардың артық тапқан табысы тәркіленеді.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.