01.11.2022

Орталықтандырылған деңгейде балабақшаларда бірыңғай кезек енгізілетін болады.

Елімізде аттестаттар мен дипломдар QR код арқылы беріледі. Әр білімгердің жеке цифрлық профилі енгізіледі. Бүгін Үкімет отырысында оқу саласындағы тың жаңалықты Асхат Аймағамбетов айтты.

«Министр білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын жалпыға таныстырып өтті. Оның айтуынша, мектептерде оқулықтарды таңдау мен мониторингілеу үрдісі де сандық негізде жұмыс жасайды. Оқушының балабақшадан бастап мектеп, колледж, жоғары оқу орнын бітіргенге дейінгі академиялық, әлеуметтік жетістіктері, бағалары, құзырет картасы қалыптастырылады, – деді Асхат Аймағамбетов.

«Ең қажетті қызмет толығымен eGov пен ірі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді болады. Бір сөзбен айтқанда барлық цифрлық ізі сақталып қалыптастырылады. Әр педагогтың цифрлық профилі еңгізіледі. Сәйкесінше оның аттестациясы, жұмысқа қабылдау рәсімі, конкурстарға қатысуы, жетістіктері және барлық ақпарат сол жүйеге жүктеліп, электронды форматта жүреді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Оқу-ағарту министрі балабақшаларға бірыңғай кезек құру жоспары туралы да айтты. Оның айтуынша, облыстарда кезекке тұру үшін 44 ақпараттық жүйе қолданылады екен. Бұл тиімсіз. Жүйедегі қателік салдарынан кезек қайталанып жатады. Түйткілді шешу үшін орталықтандырылған деңгейде балабақшаларда бірыңғай кезек енгізілетін болады.

«Балабақша тәрбиешілерінің жүктемесі азайып, жалақысы көбейтіледі. Тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және аттестациялау жұмысы ұйымдастырылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша кешенді шаралар қабылданады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.