Халық қалаулысы Алматыға Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауын түсіндіру мақсатымен келген. Сапар барысында Зағипа Балиева Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауының жұмысымен де танысты. Айтуынша, мұндай инновациялық орталық биылғы Жолдаудың жекелеген тұстарымен ұштасып жатыр.
«Қазір біз Үшінші жаңғыру жолындамыз. Сіздердің осындай инновациялық орталық ашып, фронт-офис, бэк-офистер арқылы халықпен тығыз байланыс орнатқандарыңыз Үшінші жаңғырудың бір бөлшегі», - деді Мәжіліс депутаты.
Жолдауда инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлу, «болашақ экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылған болатын. Зағипа Балиева осы шараларды іске асыруда Open Almaty-ның маңызы зор деп өтті:
«Open Almaty да инновациялық және сервистік секторға жатады. Сіздер Жолдаудың барлық бағытында өздеріңізді табасыздар. Неге? Өйткені «болашақэкономикасының» өзіне қатысасыздар. Адамдардың уақытын үнемдеп, бетпе-бет түсіндірме жұмыстарын жүргізесіздер. Бұл орталыққа өте көп нәрсе байланысты».
Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваның пайымдауынша, Қоғамдық қабылдау Жолдауда көрсетілгендей мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыруға, сонымен қатар жемқорлықты азайтуға септігін тигізеді.
«Бұл сіздерге тікелей қатысты. Мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқарттыңыздар. Қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді. Бірақ қазіргі талпыныстың өзі жаман емес. Ал жемқорлықпен күрес аясындағы шаралардың бірі - мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайту Open Almaty және «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайтын орталықтар арқылы іске асады».
Бұған қоса, «халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізу тапсырылған полиция, бұл тұрғыда Open Almaty-дан үлгі ала алады», деп атап өтті халық қалаулысы.