Денсаулық сақтау нысандарын модернизациялау: Алматыда ескі ғимараттар бұзылып, жаңалары заманауи стандарттарға сәйкес салынуда

27.02.2025

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында және осы аудан тұрғындарымен кездесу  кезінде Медеу ауданының денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді.

Қала басшысы ағымдағы жылдың наурыз айында №2 қалалық мамандандырылған балалар үйінің ғимаратын күрделі жөндеу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарланып отырғанын хабарлады. Күрделі жөндеу аудан тұрғындарының сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілуде. 2024 жылдың мамыр айында 1 млрд теңге бөлініп, жұмыстар басталды.

Ағымдағы жылдың маусым айында жедел жәрдем жүйесін жаңарту аясында ескісін бұза отырып, № 4 жедел жәрдем қосалқы станциясының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталады.  Бұл медициналық қызметтің сапасы мен тиімділігін арттырады. 

Тамыз айында «Думан» ш/а бір ауысымда 500 келушіге арналған емхана құрылысына ЖСҚ әзірлеуді аяқтау, «Алатау» емханасын реконструкциялау, сондай-ақ ескісін бұза отырып, №2 перзентхананың жаңа ғимаратын салу жоспарлануда, деп атап өтті Ерболат Досаев.

Бұған дейін Алматыда қала әкімінің тапсырмасы бойынша №2 перзентхана бұзылады деп хабарланған болатын. 1937 жылы салынған ғимарат әбден тозған және қазіргі стандарттарға сәйкес келмейді. Жаңа ғимаратты жобалау аяқталып, 2025 жылдың маусымында сараптама басталады деп күтілуде. Жұмыстың аяқталу мерзімі - 2026 жылдың соңы. 

Алматыда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуды қаржыландыру 2025 жылы 2,6 есе 69,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.