Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша мегаполисте тұрғындар мен оңтүстік астана қонақтарының тұрмыс сапасы және жайлылығын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар белсенді іске асырылуда. 2020 жылы қалада 26 мың жұмыс орнын құрып, 214 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бұған дейін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Әуезов ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аудан тұрғындарының өтініші негізінде жүзеге асырылған әлеуметтік жобалармен танысты. Алматының Әуезов ауданында үстіміздегі жылы әлеуметтік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен аумақтарды абаттандыруға бағытталған 39 жоба жүзеге асырылуда.
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі оң өзгерістерге қатысты аудан тұрғындарының ойын білді.
Мәселен, Достық ықшамауданы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әли Ахметов инженерлік желілерді жаңғырту және жолды жақсарту бойынша жасалған жұмыстарды атап өтті.
«Біздің ауданда бұған дейін кәріз жүйесі болмады, су құбырлары жарамсыз, кей жерлерде жарық та жоқ еді. Соңғы кездері осы бағытта ауқымды жұмыс жасалуда. Ауданымызда спорт алаңдарын салды, енді бізде футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар. Бізді – осы ауданның тұрғындарын біраз уақыттан бері жолдардың сапасы алаңдатып келген, бірақ енді бұл іс те қолға алынды. Қазір жолымызды жөндеп жатыр, енді бәрі жоғары деңгейде болады деп сенеміз. Әрине, ол үшін қала әкімшілігі мен Әуезов ауданының әкімдігіне алғыс айтқымыз келеді», — деп атап өтті ол.
Ауданның тағы бір тұрғыны Дилмұрат Мұсаев бұған дейін стадионның орны бос жатқанын және тұрғындардың сол аумақты өз күшімен абаттандырмақ болғанын жеткізді. Бірақ ол үшін көп күш пен қаражат қажет болғанын айтқан ол қала әкімшілігіне алғыс білдіріп, барлық жұмыс тұрғындардың өтініші бойынша, олардың тілегі ескеріле отырып жасалғанын атап өтті.
«2020 жылы ауданымыздағы ең үлкен өзгеріс - балалар стадионының ашылуы болды. Сондай-ақ бізде балалар уақытын өткізе алатын, ата-аналары балаларымен бірге уақыт өткізетін орын болмады. Бұл мәселе енді ойын алаңдары пайда болып шешімін тапты. Қала әкімінің тұрғындармен кездесуінде мен бұл мәселені айтып, оның шешілуіне үміт білдірдім. Біздің өтінішіміз назардан тыс қалмай, бірнеше айдан кейін мердігерлер келіп, сол кездегі пандемияға байланысты қиын жағдайға қарамастан жұмыс істеді. Нәтижесінде біз абаттандырылған аумаққа ие болдық, оған барлық тұрғын өте қуанышты», — деді Д. Мұсаев қала әкіміне, Әуезов ауданының әкіміне алғыс білдіріп.
Сондай-ақ оның айтуынша аудан тұрғындары аумақты сақтауда үлкен жауапкершілік сезініп, ары қарай бұл аумақты күтіп ұстағысы келеді.
«Біз сенбіліктер ұйымдастыруға шығамыз, егілген көшеттерге күтім жасап, аумақты абаттандыру үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Қала әкімшілігі аула клубын құруға келісім береді деген үміттемін. Біз – тұрғындар, стадионның қазіргі келбетін жылдар бойы сақтағымыз келеді. Бұл ретте біз қажет болған жағдайда өз қаражатымызға жөндеу, тазалық жұмыстарын жүргізіп, аумақты қорғауға мүмкіндік болса дейміз», — деп толықтырды ол.
Зейнеткер Гүлдәрия Қастеева ауданда аға буын үшін демалыс орындары пайда болғанын атап өтті.
«Біз бұл ауданда 30 жылдан астам уақыт тұрамыз. Бұрын балалар үшін үлкен аумақ болған, бірақ уақыт өте келе ол жоқ болды. Бірақ бүгінгі таңда бізде балаларға арналған алаңдар, спорт алаңдары орнатылды, тротуарлар жөнделді, жол жиектері ауыстырылды. Бізді де ұмытқан жоқ, ауданның қарт тұрғындары қолданатын тренажерлер орнатылды. Міне қазір мен тренажерларға бара жатырмын. Біз – аудан тұрғындары атқарылған жұмыс үшін өте ризамыз», — деді қала әкімшілігіне алғысын білдірген Г. Қастеева.
Қаланы абаттандыру бойынша жұмыс жалғасуда әрі мегаполис әкімінің ерекше бақылауына алынған.