08.04.2022

14 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бостандық ауданының тұрғыны Анна Гейслер жаңа асфальт жабындысы төселмегелі 6 жылдан асқанын айтты.

Ойқы-шойқы жолдың азабын тартып келеміз деген тұрғын балалар ауласы да соңғы 6 жылда жөндеу көрмегенін алға тартты. Ауланы да өздері абаттандырған.

«Ауладағы асфальттің тозығы жеткен. Қанша рет жөндеп беруді өтіндік. Балалар ойнайтын ауланы әрең сұрап алғанбыз. Ол да соңғы 6 жылда бірде-бір рет жөнделмеді. Осы мәселе тезірек шешімін тапса екен», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Анна Гейслер.

Ал жауаптылар мәселе биыл шешілетінін айтты. Жолға жабынды төселіп, баспалдақ жөнделеді. Балалар да еркін ойнайды.  Сондай-ақ, жарық мәселесі де назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Айта кетейік, Бостандық ауданында биыл жоспарға сай 80 аула абаттандырылады.

«Биыл аулаға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда конкурс өтіп жатыр. Жеңімпаз мердігер мекеме анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады», – деді Бостандық ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет Әліпбеков.

«Қазір пайда болған шұңқырлар қайта жөнделіп жатыр. Алматы қаласы құрылыс басқармасымен бірлесіп аудан бойынша мониторинг жұмысы жүргізілді», – деді Бостандық ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет Әліпбеков.

Биыл Бостандық ауданында 14 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 4 шақырым жаяу жүргінші жолын жөндеуге тапсырыс берілді.

Дереккөз: Almaty.tv.