Бостандық ауданында «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында 22 жоба жүзеге асырылды

06.12.2021

2022 жылы «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша 21 жобаны іске асыру жоспарланған

Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында қала тұрғындарының қоғамдық кеңістікті жақсартуға, көркейтуге, мегаполисті дамытуға белсенді тартылғаны туралы айтып берді.

«Бостандық ауданының тұрғындары «Бюджетке қатысу» жобаларын таңдауға және талқылауға қызығушылықпен қатысады, олардың орнына демалыс пен бос уақыт үшін заманауи инфрақұрылым алады. Мысалы, биыл біз 9 балалар мен спорт алаңдарын жөндеп, 13 қоғамдық кеңістікті абаттандырдық», – деді Алтай Рахымбетов.

Халықтың аз мобильді топтарына арналған жерасты және жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдеріне лифт пен көтергішті орнату бойынша екі жоба аяқталу сатысында.

2022 жылы «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша 21 жобаны іске асыру жоспарланған. Бостандық ауданының тұрғындары абаттандыру бойынша назар аударуды қажет ететін учаскелерді таңдау мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар қалада саябақтарды, скверлерді, бөлу жолақтарын, қоғамдық пайдалану орындарын, Үлкен Алматы және Есентай өзендерінің жағалауларын, көлік айрықтарын жинау және күтіп ұстау, сондай-ақ арық желілерін тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, биыл 7 250 ағаш көшеттері мен 2 220 бұталар отырғызылды. Көктемде 31 941 шаршы метр алаңға гүлдер отырғызылды, магистральды көшелер бойындағы 319 гүлзар ретке келтірілді.

Аудан қызметтері қоқыс жәшіктерін, орындықтарды, қоғамдық көлік аялдамаларын, көше бойындағы қоршаулар мен жолайырықтарды бояу жұмыстарын аяқтады. Сондай-ақ, фонтан мен мұражайдың іргелес аумағын жөндеу аяқталды. Ә. Қастеев атындағы саябақтағы фонтанға  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үлкен Алматы–әл-Фарабидегі көпір асты кеңістігі аумақтарын ағымдағы жөндеу аяқталды.

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.