28.01.2022

Министрлік мәліметінше, тізімге 27 елдің 200-ден астам университеті енген.

Білім және ғылым министрлігі »Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандарды дайындайтын оқу орындары тізіміне Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындары енгізілгенін хабарлады.

«Тізімге барлығы 27 елден 200-ден астам университет енгізілген. Енді техникалық бағыттағы мамандарды даярлайтын тізімге ресейлік ЖОО-лардан Н.Е.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, «MИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеу физика-техникалық институты енді. Сондай-ақ министрлік қазіргі уақытта »МИСиС» Ұлттық зерттеу техникалық университетін және ИТМО Ұлттық зерттеу университетін тізімге енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр«, – делінген Білім және ғылым министрлігінде.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі »Болашақ» бағдарламасы басқа елдермен және университеттермен мамандарды даярлау географиясын кеңейтетінін мәлімдеді.

«Былтыр біз географиямызды төрт елмен кеңейттік, олардың арасында Австрия, Чехия, Ирландия және Оңтүстік Африка бар. Сонымен бірге, »Болашақ» бағдарламасына түсу мүмкіндіктері, мысалы, Гарвард университетінде, Массачусетс технологиялық институтында, Оксфорд университетінде немесе Принстон университетінде және т.б. бұрынғысынша қалатынын түсіну керек. Әлемдегі 200-ден астам жоғары оқу орындарының тізімі тағы бірнеше беделді ресейлік жоғары оқу орындарымен толығатыны түлектерге жоғары оқу орындарын таңдауда одан да көп мүмкіндіктер беріп, техникалық бағыттағы мамандарды даярлауға қолжетімділікті кеңейтеді. Сонымен қатар, біз мамандарды даярлаудың техникалық бағыттарына баса назар аударамыз«, – деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

21 қаңтарда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев »Болашақ» білім беру бағдарламасы қайта бағытталатынын мәлімдеді.

Дереккөз: Almaty.tv.