Алматыда пандемияға қарамастан халықты жұмыспен қамту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Осы мақсатта Жұмыспен қамту орталығы белсенді жұмыс атқарады, мемлекеттік және салалық бағдарламалар іске асырылуда. Қалалық Кәсіпкерлер палатасы желісі бойынша жеке жұмыс жүргізіліп жатыр, оның ішінде қала тұрғындарына бизнес жүргізу дағдыларын үйретуге бағытталған «Бастау бизнес» жобасы да бар.
2020 жылы Алматы қаласына 1705 грант бөлінді, оның ішінде 818 грантты 2019 жылғы «Бастау бизнес» түлектері алды. 2020 жылы осы жоба бойынша 687 қатысушы грант алды, бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен қатысушылар 200 грант алды. Үстіміздегі жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында «Бастау бизнес» жобасы аясында Алматыда 2600 адам оқуды аяқтады, 2128 тыңдаушы оқуды аяқтағаны туралы сертификат, 472 тыңдаушы қатысқаны туралы сертификат алды.
Сонымен бірге үстіміздегі жылы «Бастау бизнес» жобасының 1334 түлегі өз кәсібін ашты.
Жеке кәсіпкер, «Бастау бизнес» жобасының түлегі Жиенғали Жұмағұлов мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін қолдау шараларының арқасында екі айлық оқудан кейін қоғамдық тамақтану саласында өз ісін қалай ашқанын айтып берді.
«Мемлекет тарыпанан жастарға көрсетілетін көмек туралы интернеттен білдім. Оқыту барысында бизнес-жаттықтырушылар негізгі оқудан басқа, бізге жан-жақты көмек көрсетті. Олар бізге әр кезеңде, бизнесті ашқанға дейін қолдау көрсетіп жүрді. Қаржыландыруды алғаннан кейін, бірден іске кірістім, құрал-жабдық сатып алып, жұмысты бастадым. Біздің дәмханада түрлі тағам түрлері бар, тапсырыспен де жеткіземіз. Бұл салада бәсекелестік жоғары, бірақ біздегі бағалар қолжетімді, тұрғындар арасында сұраныс та жоғары», — деді ол.
Кәсіпкер мемлекет тарапынан шағын бизнесті салықтан босату сияқты шаралар шағын бизнеске айтарлықтай қолдау көрсететінін атап өтті.
«Бастапқы ашылған кезде, әрине қиын болды. Клиенттер біз туралы әлі білмейтін, онымен қоса өзім екі жұмыста істеп жүріп, түскен қаржыны өз бизнесіме салдым. Бүгін мен екінші нүктені ашып отырмын. Бизнесін жаңа бастап жатқандардың бәріне айтарым, қорқудың қажеті жоқ. Сондай-ақ көрсеткен қолдауы үшін мемлекетке алғыс білдіргім келеді», — деді Ж. Жұмағұлов.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі