Биыл Алматыдағы 55 мыңнан астам кәсіпкер салық төлеушінің арнайы QR паспортын алды

30.06.2022

Арнайы құжат тұтынушылардың құқығын қорғауды көздейді.

Биыл Алматыдағы 55 мыңнан астам кәсіпкер салық төлеушінің арнайы QR паспортын алды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді.

Негізінен аталған ұғым ел аумағында 1 наурыздан бастап тамақтану мен сауда саласы үшін енгізілген еді. Арнайы құжат тұтынушылардың құқығын қорғауды көздейді. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде QR паспортты кассалық аппаратта немесе көпке көрінетін орынға орналастыруы керек.

«QR паспортын қойдық, ыңғайлы. Карта да қабылдаймыз. Кәсіпкер ретінде бізге ыңғайлы», – деді кәсіпкер Дина Домаева.

Естеріңізде болса, сәуірде елдің Қаржы министрлігі мобильді аударымдарды бақылау туралы бұйрық шығарған еді. Бұл ретте жеке тұлғалардың арасындағы аударымдарға салық пен тексеру болмайтынын айта кеткен жөн. Ал аталған шешім азаматтардың тауар мен ұсынылған қызмет үшін төлемін мобильді түрде қабылдау арқылы салықтан жалтарудығ алдын-алу мақсатында қабылданған еді.

«Кәсіпкерлікпен айналысып, шотына кіріс түсетін азаматтарға арналған бұл қызметтің өз критерийі бар. Мәселен, бір адамның шотына әр үш ай сайын жүз я одан да көп адамнан ақша түсуі мүмкін. Бұл жағдайда ол азамат кәсіпкер санатына жатқызылып, салық төлейді», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті Камералдық бақылау бөлімінің басшысы Мейірбек Балғабаев.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.