Аттестатты салтанатты тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді.
Биыл 170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. Соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп бітіру шарасын өткізу бойынша ұсыныс дайындады.
«Соңғы қоңырау – мұғалімдер мен оқушылар оқу жылының қорытындысын шығарып, білім алушылардың жетістігін атап өтетін көңілді әрі маңызды оқиға. Биыл эпидемиологиялық жағдай мектеппен қоштасу мерекесін өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Ол міндетті түрде мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек. Білім беру ұйымдары барлық қажетті ұсыныс пен нұсқауды алды. 2022 жылы елімізде 3,5 млн-нан астам оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. Биыл «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 139 түлек үміткер», - деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Республиканың барлық жалпы білім беретін мектебінде соңғы қоңырау мерекесін бір мезгілде өткізу жоспарланып отыр. Оған мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер және олардың ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, демеуші ұйымдардың, Білім және ғылым министрлігі мен облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары білім басқармасының өкілдері, білім бөлімдері, мүдделі мемлекеттік органдар және басқалар қатыса алады. Мектеп бітіру кешін білім мекемесі өзі ұйымдастырып, өткізуі керек.
Мынаған тыйым салынады:
- аниматорларды, мереке агенттігін, әртістерді, мерекелік шара өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға;
- мерекелік дастархан жаюға;
- жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала (аудан) бойынша экскурсия жасаға;
- мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық алу үшін қаражат жинауға;
- ойын-сауық мекемелерінде бітіру кешін ұйымдастыруға рұқсат жоқ.
Қазақстанның барлық мектебінде соңғы қоңырау мерекесі 25 мамырда өтеді. Ал аттестатты салтанатты тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді.
Дереккөз: Almaty.tv.